Сәтбаевтың шыныққан шымырлары

Келесі жылы кеншілер қаласы – Сәтбаевқа 40 жыл толады. Осы елеулі оқиғаға орай қала мектептерінде әртүрлі шаралар өткізіліп жатыр. Сондай шараның бірі №7 орта мектебінде өтті.

«Сәтбаевтың шыныққан шымырлары» айдарымен өткен «Спортты ал серікке» спорттық жарысына мектептің 3-4 сынып оқушылары қатысты. Жарысты мектеп мұғалімдері Әлима Абданбекова мен Гүлжан Мұқышева ұйымдастырып өткізді. Сайыстың негізгі мақсаты – жас ұрпақты денінің сау болып, келешекте өз елінің, қоғамның салауатты, өркениетті, білімді азаматы етіп қалыптастыру болды.

Спортты өзіне серік еткен жас спортшылар «Достық» және «Қыран» топтарына бөлініп, «Кедергілер арқылы жүгіру», «Қаппен секіру», «Су тасу», «Шегірткелер сайысы», «Теңге ілу», «Мергендер», «Секірмек», «Балық аулау» сайыстарында күш сынасты. Ептілік пен ұйымшылдық көрсеткен жас спортшылар сайыстың қызықты өтуіне бар ынталарын салып, оны шын мәніндегі спорт мерекесіне айналдырды.

Сайыс болған соң, оның жеңімпаздары да болады. Сонда да болса, ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы сайысқа қатысқандардың барлығын сый-сияпатсыз қалдырмады. Жарысқа қатысқан топ мүшелері мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

М.Әбішев.

Комментарии закрыты.