Діни экстремизмге жол жоқ

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен «Қазақстан Республикасының діни бірлестіктері туралы» жаңа Заң жобасы қабылданды. Бұл заң еліміздегі діни бірлестіктердің қызметін, жеке тұлғалардың діни қызметінің негізгі бағыттарын құқықтық реттеу жолымен жетілдіруді қамтамасыз етеді. Сондықтан қабылданған жаңа Заң бойынша барлық діни бірлестіктер тіркеуден өтіп, тіркелмеген діни орындар заңды құқығы жоқ деп алынып тасталады. Өкінішке орай, соңғы жылдары осындай заңсыз діни ұйымдар елімізде етек жайып, қоғамда алаңдатушылық тудыруда.

Жуырда Сәтбаев қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы Хамит Мырзагелдиев №44 өртке қарсы күрес бөлімінің ұжымымен кездесу өткізді. Жиынды «Шындық» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ақын Мұса Тілеуов ашып, жүргізді.

«Жастар және діни экстремизм» тақырыбында өткен кездесудің басты мақсаты дәстүрлі ислам дінін насихаттау, діннің заңды жолдарын түсіндіру мен жастардың арасында діни ұғымды қалыптастыру болды. Діни экстремизмнің алдын алудың маңыздылығына наиб имам Хамит Мырзагелдиев кеңінен тоқталды.

– Қазақстан мұсылмандарының сенімді діні – Ислам. Ислам сөзінің өзі «бейбітшілік» деген ұғымды білдіреді. Яғни, елін, жерін, мемлекетінің заңын құрметтеуге, халқын бейбіт өмір сүруге шақырады. Ал дін бұзушы салафиттер дінімізді қылмысқа айналдырып, жастарға теріс жолды үйретіп жүр. Біздің елімізде басқа елден діни оқу орындарын оқып келгендер, құран тілінде сабақ беретін оқытушылар көбейіп кетті. Олар басқа елдің салт-дәстүрін, киім-киісін, беттерін қарамен жамылған қыз-келіншектердің үлгісі секілді қазақ халқына жат қылықтарды дін ұстанымы ретінде үйретеді. Осы секілді іс-әрекеттерімен олар еліміздің саяси тұрақтылығына зиян келтіріп, мемлекеттік органдарға қарсы шығып жүр. Олардың мақсаты – халықтың осал жерін пайдаланып, ел ішіне іріткі салу. Әрине, тәуелсіз еліміздің озық ойлы азаматтары ондай санасыздыққа бармасы анық. Дегенмен, мемлекетімізге зиян келтіргісі келетін дін бұзушы салафиттердің пасық пиғылдарына, халық санасын үнпарақ, видео табақша арқылы улауына біз жол бермеуіміз керек, – деді наиб имам.

Одан әрі сөз алған ақын Мұса Тілеуов діннің рухани және бітімгершілік мәніне, гуманистік және парасаттылық рөлі жайлы, жастар тәрбиесі мен азаматтық жауапкершілік туралы әңгіме қозғады.

Кездесуге қатысқан №44 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері бүгінгі таңдағы қоғамымыздың өткір тақырыбын қозғаған қонақтарға алғыстарын білдірді. Кездесу соңында барлық қатысушыларға Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің ұйытқы болуымен арнайы шығарылған «Уаһабилік» немесе «Сәләфилік» діни ағымынан сақ болыңыз, ағайын!» және «Намаз оқып үйренейік» атты кітапшалар таратылды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.