Қамқоршыларды құрметтеді

«Қамқоршы күнін» өткізу қамқоршылар мен олардың отбасында ата-ана жылуын тапқан жетім балалар үшін маңызды шара болып табылады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп жатқан қамқоршыларды қолдау, өздерінің отбасыларына балаларды алуға ниет білдіретін азаматтардың санын көбейту мақсатында өтетін осындай күн №19 мектепте ерекше ұйымдастырылды.

Мектеп басшысы Бахыт Жандарбекова жетім балаларға қамқоршы болып жүрген бірнеше ата-ананы шақырып, сый-құрмет көрсетті. Жауапты істі қолға алған оларға шексіз ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар тапсырды.

Бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы № 19 орта мектепте қамқоршылардың тәрбиесіне берілген 3 бала бар. Жас ұрпақты жастайынан тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Бала – өмірдің жалғасы, мұрагері. Сол қамқоршы ата-аналардың бірі – Әділ Мұхаммедтің әжесі Дүйсенбаева Жұмакүл апай.

Жұмакүл апай 2010 жылдан бастап Мұхаммедті қамқорлыққа алған. Немересінің тілін тауып, жан-жақты етіп өсіруде. Немересін еркелетіп қана қоймай, үйірме жұмыстарына қатыстырып, сыпайы, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуде.

Жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан бөлінген қаржыға бұл оқушылар ата-аналардың өтініші негізінде киім-кешекпен және бір мезгіл мектеп асханасынан ыстық тамақпен қамтылған. Қамқоршы тәрбиесінде жүрген Шишева Индира республикалық «Балдәурен» сауықтыру лагеріне ақысыз жолдама алып, демалып келді. Қыркүйек айында өткен республикалық «Мектепке жол» акциясы бойынша балалар киіммен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді.

Аталмыш шара барысында ата-анасыз қалған балаларға қамқорлық жасап отырған жандарға арнап оқушылар концерттік бағдарламаларын ұсынды.

А.Байжұманова, Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің әлеуметтік ұстазы.

Комментарии закрыты.