Тәуекелсіз еңбек – қауіпсіздік кепілі

Өндіріс орындарындағы техника және еңбек қауіпсіздігі деген сөз бүгінде тек нақты іспен айқындалып келеді. Әрине, өркендеген, өрістеген өндіріс орындарының қай-қайсы болса да түгелдей дерлік техниканың көмегіне тәуелді. Ал, техника бар жерде тәуекел етпей еңбек ету мүмкін бе?! Иә, мүмкін екен.

Техника қауіпсіздігін мейлінше сақтай отырып, басқадай бір «төтен ерлік» немесе «көзжұмбай батырлыққа» жол беруге болмайды. Өндірістің өзегіне айналған техниканың қауіпсіз еңбекке қызмет етуі дегеніміз оқыс оқиғаларға, орны толмас өкініштерге жол бермеу болып табылады. Ал, бұған қайтсе, қалай қол жеткізуге болады? Міне, осыған «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кәсіпорындардың бәрінде дерлік жеткілікті түрде мән берілу жаңаша тұрғыда жаңа «Өмір» жобасы бойынша қолға алынды. Бұл дегеніміз, еңбек адамының өзі-өзіне және қасындағы әріптесіне еш қолайсыздық тудырмай, қауіпті жағдай туғызбай әрекет етуі дегенге саяды. Осы тұрғыдан келгенде кеніштерде техника қауіпсіздігінің сақталуына толық жету мақсатында арнайы жиындар, тәжірибелік сынақтар тиісті лауазымды басшылардың өздерінің қатысуымен өткізіп отыру тәжірибесі де өз жемісін бере бастады. Өткен бір жолғы техника қауіпсіздігі мәселесіне арналған Солтүстік Жезқазған кенішіндегі өткен кеңесте осы кеніштің директоры, әрі қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Есбол Айбеков атқарылған жұмыстарды жан-жақты саралады. Тұтас корпорация бойынша қолға алынып отырған жаңа осы «Өмір» деп аталатын жобаның тиімділігіне мән берді. Өз сөзінде:

– Аты айтып тұрғандай, өмірдің қымбаттығы, баға жетпес бақыт екенін бәріміз білеміз, – деді ол. – Бұл жобаның әр еңбек адамына берері мол. Кімде-кім өзі еңбек ететін ортаға ықтиятты, ықыласты қарайтын болса, немқұрайлыққа жол берілмейді. Сана сілкінеді. Міне, «Өмір» жобасының мәні осында жатыр. Өндіріске енді-енді ене бастаса да, бұл жоба алғашқы айлардан бастап-ақ көп нәтижелерге жол ашты – бізде жыл басынан бері оқыс оқиға, төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Бұған, әрине, осы жобаның жүзеге асуының әсері көп болды, – деген кеніш директоры, қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Есбол Айбеков мырза. Оның бұл пікірін Ақши-Спасск карьерінің аға энергетигі Рахип Иденов, осы карьердің бас инженері Бауыржан Сүлейменов және «Итауыз» карьерінің энергетигі Марғұлан Ережепов те қуаттап толықтырды. Ортаға ойларын қосқан бұл мамандардың пікірі бір түйінге тоғысты. Ал, шын мәнінде де өндірісте қауіпсіз еңбек ету әркімнің өзіне байланысты десек, еңбек адамының өз ортасына тәуекелсіз, қауіпсіз еңбектің үлгісін көрсеткеніне байланысты. Былайша айтқанда, «сақтансаң – сақтаймын» деген емес пе?! Демек, алып корпорацияның қолға алып отырған бұл жаңа бастамасы кәсіпорындарда, басқа да өндіріс салаларында кеңінен қолдау табуы – мұндағы жаңа бір игілікті істерге жол ашып отыр. Алдағы уақытта жаңа жобаны жетілдіре отырып, тың табыстарға оқыс оқиғаларсыз қол жеткізу жоба жетекшілерінің негізгі мақсатына айналған. Жан-жақты қолдау тапқан жаңа «Өмір» жобасының алдағы уақытта да өндіріске еркін еніп орнығуы, қауіпсіз еңбектің толық кепілі ретінде қаралуда. Оған, әрине, бұл жоба қолға алынып жатқан кеніштердегі жоғары табыс пен қауіпсіз еңбектің орын алуы кепіл болғандай.

Батырбек Мырзабеков.

Комментарии закрыты.