Тоғыз айды қорытындылады

Өткен аптада Сәтбаев қалалық сотында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Онда ағымдағы жылдың тоғыз айында қалалық сотта қаралған азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істердің қорытындысы туралы айтылды.

Конференция жұмысына қалалық соттың төрағасы Руслан Мұқатаев пен судья Гүлсара Байгенжинова қатысты. Ең алдымен, үстіміздегі жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар жайында сот төрағасы баяндама жасады.

– 2012 жылдың 9 айында сот өндірісіне 181 тұлғаға қатысты 150 қылмыстық іс түсті, өткен жылдың қалдығы 22 тұлғаға қатысты 16 қылмыстық іс. Оның ішінде 187 тұлғаға қатысты 152 істің өндірісі аяқталды.

Жазалау тәжірибесі бойынша 87 тұлға сотталып, 25 тұлға бас бостандығынан айырылды. Оның ішінде 3 тұлға ауырлығы орташа қылмыс бойынша, 1 тұлға ауырлығы жеңіл санаттағы және 35 тұлға ауыр санаттағы қылмыстар бойынша бас бостандығынан айырылды. Осы жылдың І жартыжылдығында 13 әйел, кәмелеттік жасқа толмаған 10 бала сотталды.

Сонымен қатар, тоғыз айда денсаулыққа қасақана зиян келтірген 16 адам, ұрлық жасаған – 14, алаяқтықпен ұсталған – 5, тонау бойынша – 42, қарақшылықпен айналысқан 2 адам сотталды.

Азаматтық істер бойынша сот өндірісіне қаралуға 1388 талап-арыздар, сот бұйрығын шығару туралы арыздар, мемлекеттік қызметкерлердің әрекетіне шағымдар және өтініштер түсті. Осыған орай, 1235 азаматтық іс қозғалып, 948 іс бойынша шешім, 5 іс бойынша ұйғарым шығарылды.

Әкімшілік істерге тоқталсақ, биылғы жылы Сәтбаев қалалық сотына 904 әкімшілік іс түсіп, оның 28-і қайта рәсімдеуге қайтарылды, ал 6 іс өткен жылдың қалдығы. Сотпен барлығы 860 әкімшілік іс қаралып, соның ішінде 199 тұлғаға әкімшілік айыппұл, 210 тұлғаға көлік құралын басқаруға тыйым салу, 317 тұлғаны әкімшілік қамауға алу, 3 тұлғаға ескерту жасалды. Қосымша жаза ретінде 29 азамат көлік құралын басқару құқығынан айырылды және 7 тұлға қосымша әкімшілік жазаға тартылды, – деді Руслан Қалиақбарұлы.

Одан әрі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты судья Гүлсара Байгенжинова берді.

Сот жұмысының ашықтығын көрсету және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықпен тығыз байланыс жасау мақсатында өткізілген баспасөз конференциясында тоғыз айдың қорытындысы тыңдалып, талқыланды. Сонымен бірге, конференцияда қалалық соттың қызметкерлері өткізген іс-шаралар, ғаламтордағы Сәтбаев қалалық сотының жеке сайты жөнінде мәліметтер берілді. Айта кететін тағы бір жайт, қыркүйек айының 30 күні Қарағанды қаласында «Меншікке қарсы қылмыс бойынша сот үкімі шығарылған іс» атты бейне-фильм түсірілді. Алғашқы рет мемлекеттік тілде түсірілген фильмде басты кейіпкерлердің рөлін Сәтбаев қалалық сотының судьялары мен мамандары сомдады. Жақын арада фильмнің өңдеу, түзету жұмыстары аяқталып, көпшіліктің назарына ұсынылатын болады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.