Ұлық мерекедегі сауапты іс

Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде екі мың үш жүзден астам мешіт бой көтеріп, қазақстандықтардың дінге деген бет бұрысы жақсарды. Әлемдегі ең асыл дін – Ислам діні. Осы құдіретті дінімізде мұсылман халқында ең ұлық екі мереке бар. Оның бірі Ораза айт болса, екіншісі – Құрбан айт мерекесі.

Қасиетті жұма күні басталып, үш күнге ұласқан Құрбан айтты барша қазақстандық мұсылман қауымы мемлекеттік мереке ретінде атап өтті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ел ордасы – Астанада жақында он бес мың жамағатқа арналып бой көтерген «Әзірет Сұлтан» мешітінде болып, мұсылман қауымын ұлық мейраммен құттықтады.

– «Мұсылмандар тілімен де, ісімен де ешкімге жамандық жасамайды», деген сөз бар. Сондықтан да бүгінгі құрбан шалу тек қан ағызу ғана емес, өзінің шынайы жүрегімен сүйетін Алланың, Құранның сөзіне жығылуды, сендіруді білдіреді. Сонымен қатар, бұл мереке бір-бірімен келіспеген ағайындарды табыстырып, кедейлерге, жетім-жесірлерге көмектесіп, құрбандыққа шалған малдың етін соларға таратып, жақсылық жасауға үндейді. Жұрттың шапағат көрсетіп, байлар мен кедейлердің, елдің арасын бір-біріне жақындататын ұлық мейрам. Дәл осындай қағидамен мерекені тойлайтын болсақ, ол үлкен ғанибет, – деді Елбасы өз сөзінде.

Бұл мерекеде біздің кеншілер шаһарының тұрғындары да шариғат бойынша шек шалып, айт намазын оқып, ізгі ниеттерін білдірді.

Айттың бірінші күні Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешітке Құрбан айт намазына жиналған қала тұрғындарында есеп болмады.

Мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Әбдірахманов айт намазы алдында ұлық мереке жайында, осы мерекеде жасалатын құлшылық, амалдар жөнінде ақпарат берді.

Алла ризашылығы үшін айт намазына жиналғандардың ортасында қала басшысы Батырлан Ахметов те болып, жиналған жамағатты ұлы мерекемен құттықтады.

Одан кейін Құрбан айт намазы оқылды. Мешіттің ішіне симай қалған тұрғындар мешіттің сыртында сәждеге бас ұрып, елдің, жердің амандығын тіледі.

Қала әкімдігі мен кәсіпкерлер бірлесіп 4 сиыр малын құрбандыққа шалып, қаладағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған жүз отбасына таратты. Сойылған мал етінің үштен бір бөлігін әлеуметтік бөлімнің қызметкерлері олардың үйлеріне жеткізіп берді.

Жылына бір келетін діни мерекеде жасалған осындай сауапты іс алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.