Нәтижесі аздау сенбілік

Күзгі екіайлықтың соңғы сенбілігі жаңбыр себеп болды ма, аса белсенділікпен өте қойған жоқ.

Жалпыоблыстық сенбілікке 150 ұжымнан 1180 адам қатысты, оның өзінің дені оқушылар мен мемлекеттік мекемелерден. Техника да әдеттегіден аз шығарылды, 39 көліктің 12-сі тиегіш, 1-і ғана арнайы машина болды. Осының салдарынан жиналған қоқыстың көпшілігі жол жиектері мен ағаш түптерінде қалып қойды.

Бұлқышев, Ерден көшелері мен Сәтбаев даңғылының бас жағына бекітілген мекемелердің жұмыстарын жауапкершілікпен атқарғандарын айта кету керек. Тазалық күндері адам қолы тие бермейтін «Наурыз» мейрамханасы мен «Төртіншім» дүкенінің маңайы да толық тазартылып қалды.

Бейсенбіден бастап барлығы 100 жаңа қоқыс жәшіктері қойылды және 55 шам бағандары жөндеуден өтті. Тәуелсіздік, Ерден көшелерінің бойына, қалалық қоқыс алаңының жан-жағына барлығы 2720 түп ағаш отырғызылды. «Бабыр би» саябағы мен «Кенші даңқы», «Тәуелсіздік» ескерткіштерінің маңайына 700 түп қарағай егілді. Бұл жұмыстарды «Тазалық-2020» ЖШС атқарды.

Қалай десек те, жұмыла көтерген жүктің арқасында қаладағы 5 нүктеден 2,5 тоннадай қоқыс сыртқа апарылды.

Сәтбаев қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандарымен 18 мекемеге ескерту берілді, 18 әңгіме жүргізілді.

Осының бәрінен нәтиже шықса жақсы. Қала тұрғындарының ұяты оянып, мәдениеті көтерілер деген сенімдеміз. Ең болмаса сенбілікте есігінің алдын сыпырып, подъездерін жуып-шайса көріктендіруге қосқан үлестері болар еді. Ал, жеке кәсіпкерлердің 50 пайызы сенбілікке шығып, жан-жағын тазалап отырса, қала мұндай күйде болмас еді.

Шықпайды ғой, шықпайды…

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.