Көшенің көркін ашқан «Дильназ»

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасына басты серпін беретін саланың бірі – шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше назар аударуда. Осы орайда әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсарту үшін жағдай жасайтын, экономика саласына қарқын беретін кәсіпкерліктің рөлі өте маңызды.

Биылғы Жолдауында Елбасы кәсіпкерлікті қаржылай қолдау, оны дамыту барысында туындаған түрлі кедергілерді жою мәселесін көтергендігі белгілі. Сонымен қатар, Жолдауда елімізде іскер адамдардың өркендеуіне, бизнесті дамытуға, кәсіпкерлердің шығаратын өнімінің көбейе беруіне мемлекет тарапынан үнемі қолдау жасалып келе жатқандығы атап көрсетілген. Жалпы айтқанда, ендігі мақсат – Елбасы қойған нақты міндеттерді жүзеге асыру.

Осыған байланысты, өткен сенбіде қаламызда Абай көшесінің бойында «Дильназ» сауда үйі бой көтерді. Жаңа ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне келген Сәтбаев қаласының бас архитекторы Талғат Айтжанов қала тұрғындарын, жеке кәсіпкердің туған-туыстарын құттықтап, табыс тіледі. Немересінің атымен аталған дүкеннің ашылу салтанатында Орынтай апа да қуанышын жеткізіп, шашуын шашты.

Одан әрі Талғат Айтжанов пен сауда үйінің иесі Гүлнәр Мырзатова лента кесу рәсімін жасап, дүкенді аралады.

– Қазір сауда үйінің бірінші кезегі ғана іске қосылып, сауда жасалуда. Жақын арада басқа бөлімдер де тауарлармен толтырылып, сауда нүктелерінің саны көбеймекші, – дейді жеке кәсіпкер Гүлнәр Нәсреддинқызы.

Сауда үйінде сатушылар үшін де, тұтынушылар үшін де толықтай жағдай жасалған. Іші кең, сәнді безендірілген, келушілердің көңілін көтеріп, жарқырап тұр. Дүкенге келгендер әйелдер мен ерлерге, балаларға арналған киімнің барлық түрлерін таба алады. Сән-салтанатқа киетін көйлектер де, жастардың заманауи киім үлгісі де осында. Сонымен бірге аяқ киімдер түр-түрлерімен ұсынылған.

Бұрынғы ғимаратты кеңейтіп, қазіргі заманға сай келтіріп салынған сауда үйі Абай көшесінің көркін келтіріп қана қоймай, тұтынушылардың сұранысын да қанағаттандырады деп ойлаймыз.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.