Болмысы бөлек, құпиясы терең Дәуренбек ақын

Қаламыздың мәдени өмірінде мақтанарлық бір жаңалық болып, рухани қазынамыз бір кітаппен толықты. Айтулы білім ошағының бірі – №16 орта мектептің кең залында әрі ұстаз, әрі ақын Дәуренбек Бұланбаевтың тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері жасалды.

«Мұңайма, менің аққуым» деген атпен Қарағанды қаласындағы «АРКО» ЖШС баспаханасында дүниеге келген кітапта ақын ойы мен сезімін тербеген, мұңы мен сырын ашқан жүрекжарды жырларын оқырмандарына ұсынды.

Тұсаукесерге кітаптың алғы сөзін жазған, Дәуренбектің университеттегі ұстазы, Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаев, белгілі драматург, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Кенжебай Ахметов, қалалық білім бөлімінің бастығы Шынар Жанасылова, әкім аппараты әлеуметтік сала бөлімінің бастығы Гүлмира Таңсықбаева, «Шындық» ҚБ өкілдері, ұстаздар, ақынның туған-туыстары мен сөз қасиетін ұғып, қастерлейтін жандар қатысты.

Кітаптың жинақ болып шығуына қалалық білім бөлімінің бастығы Шынар Қаппасқызы тікелей ұйтқы болып, демеушілік жасады. Сондықтан да алғашқы сөздің кезегі құрметпен Ш.Жанасыловаға берілді.

Поэзия кешіне жиналған жырсүйер қауымға құттықтауын, кітаптың шығуына қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын айта келе, Шынар Қаппасқызы: – Әрбір оқушымыздың, ұстазымыздың жеткен жетістіктері біз үшін мәртебе. Дәуренбектің таланты мен дарынын байқай жүріп, бір кітабын шығарып берсек деген ой мазалайтын. Соны өзіме бір міндет етіп жүр едім. Бүгін, міне, сол мақсат орындалып, кітап қолдарыңызға тиіп отыр, мен өте қуаныштымын, – деді.

Тойдың сәні – шашу шашылып, қонақтарға кітап таратылды. Құрметті қонақтар Ғ.Ештанаев, К.Ахметов, Ш.Жанасылованың иықтарына ақынның туғандары атынан шапан жабылды. Г.Таңсықбаева қала әкімі Б.Ахметовтың құттықтау хатын, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Г.Шахманова бөлім бастығының алғыс хаты мен сыйлығын тапсырды. Жергілікті ақындар Мауия Бекмағанбетова, Амангелді Бұхар, Мұса Тілеуов арнау өлеңдерін оқып, «Шындық» шығармашылық тобы атынан шапан кигізді.

Дәуренбектің әкесіндей болған Тұрсынбек қажы, Сарысу орта мектебінде 11 жыл білім берген қарт ұстаз, Қазақ ССР еңбек сіңірген қызметкері Қарлыбай Жітібаев айтқан естеліктер мен бейнетаспа арқылы көрсетілген материалдар ақынның жеке өмірімен, отбасымен таныстырды.

Кеште Д.Бұланбаевтың ақындығымен қатар ұлағатты ұстаздығы да кеңінен ашылды. Өзі еңбек етіп жүрген Ы.Алтынсарин атындағы №19 мектептің директоры Бақыт Жандарбекова сахнаға көтеріліп, Дәуренбектің шығармашылығы мен ұстаздығын бағалай келе, ұжым атынан үлкен теледидар сыйлады.

Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған Университетінің филология факультетін 1999 жылы бітіріп, қаламыздағы №19 орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған Дәуренбек, бүгінде бірқатар жас ақындарды тәрбиелеп келеді. Ол жетекшілік ететін «Жырбұлақ» жас ақындар үйірмесінің мүшелері ұстазының сыршыл да ойлы, терең де мұңды өлеңдерінің бірқатарын нақышына келтіріп жатқа айтты.

Республикалық «Айгөлек» балалар байқауының жеңімпазы Жансая Керменбаева, мектеп өнерпазы Салтанат Серкебаева т.б бишілер мен әншілер тойдың көркін келтірсе, жүргізушілер өлең мен қара сөзді қатар өріп, кештің мәнді өтуіне бар өнерлерін салды.

Дәуренбектің өлеңдерін оқи отырып бойындағы ақындық талантпен қоса білім, өміртанығыштық, оны талдай білу өнері бар екенін байқаймыз. Шығармаларында лирикалық сезім басым екендігі, жүрек пен жанның үндестігі сезіледі.

Бұл көптен күткен, көптің күткен тамаша бір жыр кеші болды десек артық емес. Өз кезегінде сөз алған Дәуренбек, алдымен бас демеуші – білім бөлімін басқарып отырған, істері ер азаматқа бергісіз Шынар Жанасыловаға, қалалық қазақ тілі пәні мұғалімдерінің әдіскері Құралай Жарылғаповаға, жалпы ұстаздар қауымына шексіз алғысын білдірді.

Әр парақтың бетінде жатқан Дәуренбектің сыршыл жырлары оқырмандарына кітап болып жетіп, ақынның да, қаланың да мәртебесін көтергені – біріншіден, ақындығын мойындатқаны, екіншіден, білім бөлімінің төккен терінің жемісі деп білеміз. Поэзия әлеміне қанатын жайып, әдебиет төрінен өз орнын іздеген Дәуренбек Дәнекеұлының таза ой мен лирикаға толы өлеңдері оқырмандар жүрегіне жол табары сөзсіз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.