Жұмыс бағаланды, міндеттер жүктелді

Жезқазған қалалық «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы ғимаратының мәжіліс залында қараша айының 1 күні «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы «Нұр Отан» ХДП Қарағанды филиалының ХІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Конференцияның жұмысына «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-нің Басқарма төрағасы, «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының төрағасы Эдуард Огай, Жезқазған қаласының әкімі Бауыржан Шыңғысов, Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Советбек Медебаев, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, «Жезқазғантүстімет», «Қарағандытүстімет» ӨБ-нің құрылымдық-бірліктерінің басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конференцияны «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Балмағамбетов ашып, жүргізді.

Конференцияның күн тәртібінде «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының 2011-2012 жылдардағы атқарған жұмысының қорытындысы және филиалдың партия ұйымдарының алдағы кезеңде атқаратын міндеттері туралы», «Қарағанды филиалының (ҚФ) бақылау-тексеру комиссиясының есеп беру кезеңіндегі жұмысының нәтижесі туралы», «ҚФ Саяси кеңесінің жаңа құрамын сайлау», «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалының есеп беру конференциясына делегаттар сайлау туралы» мәселелер қаралды.

Делегаттар бірдауыспен күн тәртібін, мандат және ревизия комиссияларының құрамын бекітті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге орай «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Балмағамбетов баяндама жасады.

Есеп беру кезеңінде партия мүшелерінің саны 29947-ден 39200-ге өскен, бастауыш партия ұйымдарының саны 105-тен 111-ге жеткен. Құрамында Саяси кеңестің 47 мүшесі бар, бастауыш партия ұйымының 111 төрағасы, 125 партиялық топ жетекшілері бар белсенді партия активі қалыптасты, партия аппараты күшейтіліп, филиалдың материалдық-техникалық базасы нығайтылған. Ірі деген 3 кәсіпорындардағы бастауыш партия ұйымдары жанынан үш қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылды.

Партия филиалы саяси-бұқаралық, мәдени-спорттық және қайырымдылық шараларын белгілеген жоспар бойынша өткізіп келеді. Филиалдың партиялық ұйымдары орналасқан аймақтарда жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен, қоғамдық ұйымдармен, «Нұр Отан» ХДП қалалық және аудандық филиалдармен, корпорацияның кәсіподақ ұйымымен, Жастар Одағымен, соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесімен тығыз байланыса отырып, бірлесіп шаралар өткізуде.

Филиалдың партия ұйымдары жастарға патриоттық тәрбие беру, жұмысшы және оқушы жастардың, ардагерлер мен мүгедектердің, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларының, жетім балалардың бос уақыттарын тиімді өткізу шараларына белсенді түрде қатысып отырады. Партияның бастамасымен кәсіпорындарда кәсіби шеберлік байқаулары өткізілуде. Келісім бойынша орта мектептердің 10-11 сыныптарының оқу озаттарына тоқсан сайын стипендия тағайындалып, талантты жастарға қаржылай қолдау көрсетіліп келеді.

Есеп беру кезеңінде партияның және еңбек ұжымдарындағы қоғамдық саяси жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін партия ұйымының 16 мүшесі партияның жоғарғы наградасы – «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, 24 партия мүшесі «Нұр Отан» ХДП Құрмет грамотасымен, 12 мүшесі «Нұр Отан» ХДП Қарағанды филиалының Құрмет грамоталарымен, 127 мүшесі «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Баяндаманы талқылауға филиалдың Қарағанды аймағы бойынша өкілі А.Тайгөков, Жезқазған байыту фабрикасының жөндеуші-слесарі Ж.Дүйсеков, Қарағанды филиалының Балқаш аймағы бойынша өкілі Б.Абдуллин, «ПроСервисВосток» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрайымы Т.Пономарева және ЖШПБ бастауыш партия ұйымының төрайымы, партия саяси бюросының мүшесі Ә.Сәкенова қатысты.

«Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының ХІ есеп беру-сайлау конференциясы филиалдың есебін тыңдай және талқылай келе филиалдың жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Екінші мәселе бойынша филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының төрайымы Н.Шкурованың берген есебі тыңдалып, назарға алынды.

Келесі кезекте филиалдың Саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссияларының жаңа құрамдары сайланып, бірауыздан бекітілді.

Филиалдың хатшысы-аппарат басшысы Б.Жақсыбаев қарашаның 5-і күні өтетін «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филалының есеп беру конференциясына сайланатын делегаттардың тізімін жариялады. Облыстық филиалдың ХV есеп беру-сайлау конференциясына қатысатын 40 делегаттың тізімі бекітілді.

Конференция барысында Саяси кеңестің отырысы өтті.

«Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Оспанова мінбеге шығып, «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының төрағалығы қызметіне Эдуард Огайды ұсынды. Кандидатура бірауыздан құпталды.

Сөз кезегін алған Басқарма төрағасы өзіне сенім артып отырған делегаттарға, партия мүшелеріне алғысын білдірді.

– Біздің бастауыш партия ұйымы Қазақстандағы ең үлкен де белсенді ұйым. Елбасы бізге зор сенім артып отыр. Партияның идеологиялық жұмысының басты факторы – партия мүшелерін және тұрғындарды Елбасы алдымызға қойып отырған міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдыру. Біздің мақсатымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бағытын қолдап қана қоймай, сонымен қатар, аймағымыздың, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерімізді қосу. Алда тұрған партиялық міндеттің ең ауқымдысы – халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге ықпал жасау, олардың жарқын болашаққа деген сенімін арттыру болып саналады. Қазақмыстықтар Елбасының саясатын әрқашанда қолдайды. Халықтың сенімінен шығу үшін жұмыс істеуіміз керек, әсіресе, әлеуметтік мәселелерін шешуге күш салуымыз керек, – деді Эдуард Викторович.

Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелерге байланысты ХІ есеп беру-сайлау конференциясы тиісті қаулы қабылдап, міндеттер жүктеді.

Конференция соңында партияның белсенді мүшелеріне Құрмет грамотасы және партия қатарына жаңадан қабылданғандарға куәлік тапсырылды. Бұл салтанатты рәсімді «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының төрағасы Эдуард Огай атқарды.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.