«Еліміздің қаржы саласында тұрақтылық басым»

– Кейбір сарапшылар теңге девальвацияға ұшырауы мүмкіндігін айтып жатыр. Сіз осындай болжамдармен келісесіз бе?

– Қазақстанның экономикалық тарихында девальвация процесі екі рет қана болды, біріншісі 1997-ші жылдың 4-ші сәуірінде және 2009-шы жылдың 20-шы ақпанында болды. Мұнайдың немесе азық-түліктің бағасы күрт өсіп кеткенде, теңге девальвацияға немесе ревальвацияға ұшырайды деп айтуға болмайды. Мұндай процестерге әлемдік қаржы нарығындағы өзгерістер әсер етеді. АҚШ-тағы ипотекалық несиелердің түйткілді мәселелері, сол елдің қаржы нарығындағы жағдайға өз салқынын тигізді, ол банкрот болды. Біз қазіргі кезде азық-түлік бағасының өсуін көріп отырмыз, бұл жалпы ғаламдық процесс болып отыр, оған әсер етіп отырған факторлар өте көп, солардың қатарында ауа райының, климаттың өзгеруі, құрғақшылық, Азия және Африка елдерінде демографиялық өсудің ұлғаюына байланысты азық-түлікке сұраныстың күрт артуы секілді факторлар өз ықпалын тигізіп отыр. Еліміздің Ұлттық қорының болсын немесе алтын қорының төлем балансының макрокөрсеткішінің динамикасы, теңгенің девальвацияға немесе ревальвацияға ұшырайтынының мүмкіндігін көрсетіп отырған жоқ. Теңге жылдың басынан бері тұрақты қалыпта, айырбастау тең деңгейде. Егер де, аяқ астынан жағдай болып қалмаса немесе кейбір зерттеушілер айтып жүргендей қаржы дағдарысының екінші толқыны болып қалмаса, онда теңгенің курсы, бағыты бағытталған дәлізден шықпайды және тұрақты болып қалады. Жақын уақытта теңгенің девальвацияға ұшырауы мүмкін деген ойды құптамаймын.

– Қазақстан Республикасының Президенті бір уақыттары Евразиялық Экономикалық Кеңістік аумағында ортақ мемлекетаралық ақшамен есеп айырысу, ЕЭК елдері арасында ортақ валюта бірлігін енгізу жөнінде бастама көтерген болатын. Бұл бастама біраз уақыт белсенді түрде талқыланды. Әртүрлі ойлар мен пікірлер, ұсыныстар да айтылды, кейбір сарапшылар ортақ влюта енгізетін болсақ, бұл біздің тәулесіздігімізден айырылуымызға алып келеді деген пікірлерді де айтты. Ресей бұл ұсынысқа тек бір шарт қана қойды, ол, егер ортақ валюта рубль болса, олар толық келісетіндерін жеткізді. Дегенмен, кейінгі уақытта бұл мәселе бойынша талқылар азайып кетті. Бұл мәселе туралы ойыңыз қандай?

– Мемлекет басшысы өзінің соңғы еңбектерінде әлемге, жаһан қауымға ортақ валютаға көшу керектігін тілге тиек етіп айтып жүр. Оның ұсынысының барлық жағы толығымен дәлелденген, әлемдік ортақ валютаға көшпестен бұрын аймақтық ортақ валютаға көшкеніміз дұрыс деді, тіпті оның атын да атады, ол – «Алтын». Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ортақ экономикалық кеңістікте болып, бір өндірістік деңгейде болғанда, көптеген интеграциялық бірлестіктерде өзінің валютасы болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Евроодақта – евро, біздің жағдайдағы Қазақстан, Ресей және Беларусь құрған экономикалық одақ алаңында, ерте ме, кеш пе, ортақ валюта болатыны айқын. Алайда, бұл күрделі мәселе, оны қысқа уақытта шешуге болмайды, ол үшін ұзақ жол жүру керек, оның өзіндік шарттары бар. Ортақ валюта енгізу үшін, үш елдің заңнамалары бірдей жүйеленуі тиіс, үш мемлекеттің бюджеттерін бір деңгейде жүйелендіру және т.б. Бұның барлығы ұзақ уақытты талап етеді. Үш мемлекет экономикалық саясат бойынша, жалпы базалық негізгі шарттар бойынша ортақ байламға, тоқтамға келсе, үш елге ортақ валюта енгізу процесі өзінен-өзі пайда болады. Аталған мәселеде талқылау тудырған сұрақ – ортақ валюта болатын болса, оның атауы қандай болмақ, ол рубль ма, әлде басқаша атала ма. Кедендік одақта құрылтайшы үш мемлекеттің дәрежесі тең болып, мәселелер де тең деңгейде шешіліп жатса, бұл мәселе бойынша сұрақ туындамауы керек. Десек те, бұл орайда түйіткілді мәселелер де туындап қалары сөзсіз. Ортақ валютаны кім бастырады, кім иешілік етеді деген сынды сан сауалдар туындары анық. Әрине, оны уақыт көрсете жатар.

– Ал енді әңгіме арнасын өзімізге қарай бұрсақ. Қаланың қаржы бөлімі өзінің төл мерекесін қандай жетістіктермен қарсы алып отыр?

– Бұл бағытта тілге тиек етерлік нәтижелер бар. Атап айтқанда, бюджеттің кіріс бөлігі 102,4 процентке орындалса, шығыс бөлігі 100 процент болып отыр. Сондай-ақ, түрлі трансферттердің игерілуі де ойдағыдай. Мәселен моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша берілген трансферттер толықтай игеріліп отыр. Тек «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржылардан ғана кешеуілдеп отырмыз. Бірақ, олар да жылдың соңына дейін толығымен орындалатын болады. Оның бірі – баспанамен қамтуға берілген қаржы мен қоныс аударуға бөлінген қаражат. Алдағы уақытта екі үй өз иесіне беріліп, қаржы толықтай игеріледі деп күтілуде. Алдын ала жасаған талдауларымыз бен сараптауларымыз бойынша жоспарымызды толық орындаймыз деп отырмыз. Жалпы қалалық бюджеттің барлық параметрлері бойынша толық орындап шығуға мүмкіндігіміз бар.

Қазір біздің қалалық қаржы бөлімінде 5 адам еңбек етеді. Бесеуі де жоғары білімді, білікті мамандар. Өкінішке орай, кейбір мамандарымыз басқа қызметке ауысып жатыр. Әрине, олардың бәрі жоғары қызметтерге кетуде. Осыған қарап, басқа мекемелердің біздің мамандардың біліктілігін бағалайтынын аңғаруға болады. Біздегі мамандардың орта жаса 35 жасты құрайды. Яғни, жастар. Ал, жас мамандардың осындай сұранысқа ие болуы біздің бөлімнің беделін көтерері анық.

– Соңғы кездері «Қазақмыс» корпорациясы кейбір әлеуметтік нысандарын қаланың еншісіне беріп жатыр. Ал, оны алып жүруге қаланың бюджет қоржыны көтере алады ма?

– Бүгінгі күні осы мәселе бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл комиссияның құрамында мен де бармын. Аталмыш комиссия таяуда қаламызда болып, жұмыс істеп кетті. Олар барлық жағдайды өз көздерімен көріп, сараптады. Осы бойынша облыс әкіміне ақпарат дайындайтын болады. Одан соң облыс әкімі «Қазақмыс» корпорациясы басшыларымен меморандум жасамақ. Осы меморандумда барлық жағдай көрініс табады деген ойдамыз.

Әрине, бұл орайда біз де өз тарапымыздан жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі бюджет корпорациядан келетін барлық балабақшаларды алып жүре алмайды. Сондықтан, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Мәселен, жылына екі балалар бақшасын қаланың иелігіне алатын боламыз. Ол үшін аталмыш мекемелерді ұстап тұратындай қаржы көздері есептелуі шарт. Біз комиссияның алдына осындай ұсыныстар қойып отырмыз. Екіншіден, қалаға берілетін әлеуметтік мекелелер толықтай қалыпқа келтірілулері керек. Айталық, балабақшаның ғимаратынан бастап, сантехникасы, оның ішкі жасаулары, тіпті балалардың жатын төсектерінің өзі жаңартылғанда барып алатын боламыз.

Бүгінгі күні Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайын қабылдап алуға жұмыс жасап жатырмыз. Осы бағытта арнайы келісім-шарт жасалды. Қазір сарайды ұстап тұру үшін қажетті қаржы есептеліп жатыр. Ең бірінші осы мәдени нысан қаланың иелігіне өтпек.

– Ербол Хамитұлы, кәсіптік мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз…

– Қаржыгерлер арасында «Адам өмірі қан айналымы заңына байланысты жүреді, ал халықтың өмірі – қаржы айналымының заңына байланысты жүреді», – деген жазылмаған қағида бар. Бұл сөздің астарында расымен де шындық жатыр. Себебі, экономика қаржы айналымының басқарылуына тікелей байланысты. Қаржыгерлер қаржыны басқарады, ал оның басқарылуына қоғамның және жалпы халықтың өмірі байланысты. Қаржы тамырларымен қаржы каналдары экономикамыздың басты қан тамырлары ғой. Экономикалық дағдарыс кезінде мемлекет қолдауының арқасында, біздің қаржы жүйеміз дағдарыстан аз шығындармен шықты, қолдаудың арқасында орта және шағын кәсіпкерлікті несиелеу қайтадан жандана бастады. Бүгінгі күнде сақтандыру секторындағы жағдай қалыпты және тұрақты дамуда деп айтуға болады, сонымен қатар, зейнетақы қорлары да тұрақты деңгейде жұмыстарын жасап жатыр. Мен қаламыздың қаржыгерлері мен қаржы секторының клиенттерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Теңгеміздің, ұлттық валютамыздың күні – бұл жақсы мейрам.

Осы бір орайлы сәтті пайдалана отырып, қалалық қаржы бөлімінің ардагері, біздің баршамыздың тәлімгеріміз болған Бикамал Айтмұханқызы Қайырбекованы, бүгінде Жезқазған қаласында еңбек етіп жүрген Бүркітбай Байбосыновты және өзімнің ұжымымды төл мерекемізбен құттықтаймын. Барлықтарына жұмыста сәттілік, отбасыларына береке, қуаныш, бақыт және молшылық тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.