Ізденіс – нәтиже кілті

Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» деген өсиетінің өзектілігі күннен күнге өсе түсуде. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың білім саласын ерекше назарда ұстап, өзінің тікелей қамқорлығына алуы, оны мемлекеттік даму саясатының өзегі деп қарауы – осының айғағы. Үдемелі дамудың даңғыл жолына түскен елімізге заманауи ілімдерді игерген мамандар қажет. Әсіресе, білім саласында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласындағы 20 тапсырманың үштен бірі білім мен ғылым саласына қатысты.

Білім жүйесінің жаңғыртылу жолында ұстаздар қауымының алдында міндеттер тұр. Заманауи технологияларды меңгере отырып, білімді шәкірт тәрбиелеуде республика бойынша қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Еліміз бойынша білім саласына бет бұрған жас мамандардың ізденістері жоғары. Бұл бағытта біздің облыс пен қалада «ізденіс – нәтиже кілті» деп ұғынатын ұстаздар қауымының қатарында жаңа технологияларды меңгергендер жыл санап артуда.

Қазіргі таңда шаһарда он төрт білім ошағы болса, ондағы мамандардың басым көпшілігін жастар құрап отыр.

Тоқырау жылдарында тозығы жетіп, Тәуелсіздікпен қайта түлеген №3 орта мектептің бүгінгі ұстаздар қауымының көбі жас ұстаздар.

Мұнда білім берудің жаңа әдістерін үйренемін деп талпынған жас ұстаздардың әдіс орталықтары бар. Таяуда осы «Балбұлақ» әдіс бірлестігінің ұйымдастыруымен мектеп қабырғасында онкүндік өтті. Жаңа оқу жылына бет алған білім ордасының мақсат-міндеттерін айқындау мақсатында өткен онкүндік аясында жас мамандардың білім-білігі сынға түсті.

Мектептегі жас мамандарға жетекшілік ететін Сәуле Татаева жас мамандар арасында «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында сайыс өткізді.

Төрт кезеңнен тұрған сайыста Кенжегүл Нұрғалиева, Снежана Мұхтарова, Жазира Ашабекова, Гүлмайран Абусакова, Ақбаян Сыздықова сынды ұстаздар білім-білігін, жаңа технологияларды қаншалықты меңгергендіктерін көрсетті.

Әріптестерінің қатарынан озып шыққан А.Сыздықова жас мамандардың қалалық сайысында сынға түседі.

Зияткерлік ұлт болып қалыптасуымыздың негізі – сапалы білім алған ұрпақ. Жас буынды сапалы біліммен сусындатып жүрген жас мамандардың ізденісі білім саласындағы жаңа бастамаларға жетелейтіні даусыз.

Б.Қазкенов.

Комментарии закрыты.