Статистика қызметінің маңызы

Қазақстанның бірыңғай орталықтандырылған статистика органының пайда болу күні 1920 жылдың 8 қарашасы болып саналады. Бұл күні Қазақ АССР Үкіметі қаулысымен “Қазақ АССР мемлекеттік статистика туралы ереже” бекітіліп, Қазақ АССР Орталық статистикалық басқармасы пайда болды. Бұл басқарма губерниялық (облыстық) және уездік (аудандық және қалалық) статистикалық бюроларды басшылыққа алды, оған қоса статистика істері жөнінде кеңестер құрылып исполкомдарда дербес бөлімдер ретінде құқығы бекітілді.

92 жыл бұрын құрылған еліміздің статистикасы ұзақ және күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Өзінің дамуының әрбір кезеңінде Қазақстандық мемлекеттік статистика үнемі жетіле отырып, өзінің міндетін лайықты орындап, еліміздің дамуына елеулі үлесін қосуда.

Статистика қызметін ұлттық, өңірлік және әлемдік деңгейде әлеуметтік-экономикалық үдерісті өлшейтін құрал ретінде танып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қарар қабылдап, онда 2010 жыл 20 қазан Дүниежүзілік статистика күні деп жариялауды қаулы етті, сонымен қатар, мемлекеттерге тисті түрде атап етуді ұсынды. Оның мақсаты – ресми статистиканың көптеген жетістіктерін танымал ету, статистикалық деректерді пайдаланушыға жеткізу.

Сәтбаев қаласының статистика басқармасы Қарағанды облысы Статистика департаментінің аумақтық бөлімшесі болып келеді. Негізгі міндеті – департаменттің салалық бөлімдерімен бірлесе жұмыс жасау, ғылыми әдіснама және халықаралық стандарттар негізінде ақпарат жүйелерімен жұмыс жасау және оны жетілдіру; статистикалық көрсеткіштер тұтастығын, ақиқаттылығын сондай-ақ, қала аумағында уақытылы жиналуын қамту; өңірде болып жатқан экономикалық және әлеуметтік үдерістерді, олардың даму қарқынын зерделеу, жалпылау және мемлекеттік органдар, іскер қауымды және қоғамды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты статистикалық ақпаратпен қамту.

Тек еліміздегі, өзіміз тұратын өңіріміздегі нақты жағдайды түсініп, дәйекті деректердің негізінде әлеуметтік-экономикалық бағдарларды объективті түрде бағалау арқылы ғана келелі міндеттер белгілеп, табысты шеше аламыз. Бұл, әрине, бізге, статистиктерге жаңа айтарлықтай күрделі де жауапты талаптар қояды. Кейінгі жылдары статистиканы бұдан әрі дамыту мен жетілдіруге көптеген шаралар жасалуда. Біз қол жеткізген жетістіктерімізді мақтан тұтып, статистикалық ғылым мен тәжірибеге қызығушылық танытқандардың барлығымен бірге жұмыс жасауға әзірміз.

Мереке қарсаңында әріптестеріме жаңа кәсіби табыстар, денсаулық, бақыт пен береке тілеймін.

С.Қорғанбекова, Сәтбаев қаласының статистика басқармасы бастығы.

Комментарии закрыты.