Есеп беріліп, жаңа төраға сайланды

Ағымдағы жылдың 15 қазаны мен 6-шы қараша аралығында «Нұр Отан» ХДП-ның жергілікті филиалы жанындағы бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиыны өтті. Бүгінгі таңда партияның қалалық филиалында он үш бастауыш партия ұйымы бар. Жыл бойына атқарған жұмыстарын баяндап, алдағы міндеттерін пысықтау мақсатында өткізілген мұндай есеп беру жиындары осы он үш бастауыш ұйымды қамтыды. Соның бірі – «Алтын Орда» бастауыш партия ұйымының есеп беру-сайлау жиыны.

Партия мүшесі, №16 орта мектептің директоры Қайрат Смайлов төрағалық етіп келген бұл бастауыш ұйымның Елбасы Н.Ә.Назарбаев төрағалық етіп отырған партия жұмысының ілгері басуында өзіндік атқарған істері бар. Бұған есеп беру жиынында көз жетті. Есеп беру-сайлау жиынына қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай және партия мүшелері қатысты.

Күн тәртібіне үш мәселе ұсынылып, қаралды.

Бірінші мәселе бойынша, яғни, «Алтын Орда» бастауыш партия ұйымының 2011-2012 жылдардағы атқарған жұмысы туралы Қайрат Смайлов ақпарат берді. – Партияның негізін салушы және оның жетекшісі, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігінің және саяси ерік-жігерінің арқасында «Нұр Отан» қазақстандықтардың қолдауына ие болды. Бастауыш партия ұйымына №16 орта мектеп, Сәтбаев қалалық емхана, «Нұрбөбек» балабақшасы кірген. Қалалық емханадан 210, «Нұрбөбек» балабақшасынан 75, №16 орта мектептен 67 мүшесі бар. Жалпы саны – 352. Ел сенімінен шыққан партияның стратегиясын жүзеге асыруда «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалына қарасты бұл бастауыш ұйымның атқарған істері мол. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы әрбір партиялық топтарда талқыланып отырды. Қаланың қоғамдық-саяси, мәдени өміріне белсене араласып жүрміз. Биылғы жылдың 15 қаңтарында өткен ҚР Парламенті мәжілісі депутаттарының сайлауында партия мүшелерінің белсенділігі ерекше болды. Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алып және оларға жол бермеу, қоғамның тұрақтылығына аса қауіпті жемқорлық фактілерін анықтауды күшейтуді тапсырғаны баршаңызға мәлім. Бұл бағытта партия мен мемлекеттік қызметкерлерге жаңа міндеттер жүктелгені даусыз. Қоғамды осы бір дерттен арылту мен оның тиімсіз екенін түсіндіруді негізге ала отырып, қалалық емхана басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Әлия Қоңырованың ұйымдастыруымен «Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер жұмысын жандандыру жолдары» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

«Нұр Отан» ХДП ХІV съезі еліміздің қоғамдық-саяси дамуының жаңа жолын айқындап берді. Мемлекеттік әлеуметтік жаңғырту стратегиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаев партияға айрықша сенім артады. Оның басты мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Осы бағытта біз біріге еңбек атқаруымыз керек, – деді төраға.

Ұйымның бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын көпшілік қанағаттанарлық деп тапты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде бастауыш партия ұйымының бюро мүшелері және ұйымның төрағасы сайланды. Бюро мүшелері тізім бойынша бекітіліп, қалалық емхананың медбибісі Орынкүл Асаубаева «Алтын Орда» бастауыш партия ұйымының төрағалығы қызметіне тағайындалды.

Одан кейін «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының есеп беру -сайлау конференциясына бастауыш партия ұйымынан делегат сайлау мәселесі көтеріліп, осы ұйымнан 25 делегат қатысатын болды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.