Жетімді жебеген жомарт жандар

Кеңпейілділік, жомарттық қасиеттер – адам баласының асыл құндылығы. Көңілің кең болып, айналаңдағы көмекке, мейірімге зәру жандардың мұқтаждығын өтеп, жанына сүйеніш болу – шариғатта сауапты істердің қатарында. Бір қуантарлығы, жетімдіктің қамытын киген балалардың жарымжан көңіліне демеу болып жүрген жандар баршылық.

Жезқазған кентіндегі «Жалғас» жасөспірімдер үйінде бүгінгі таңда әр ұлттың 30 баласы тату-тәтті бір отбасындағы балалардай тәрбиеленуде. Алайда, тату-тәтті тіршіліктері болғанымен, әкенің ақылы мен ананың аялы алақанына зәру.

Құрбан айт мерекесінде осы балалардың басынан сипап, сауабын алған жандардың қатары аз болмады.

Бұл күні балалар үйіне үш дүркін қонақтар келіп, Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Солардың қатарында «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС, «Жомарт» кеніші қызметкерлері Қуандық Рахметов, Бақыт Түсіпбеков, Қабдулда Қожырбаев, Виктор Жапасов балаларға плазмалық теледидар мен DVD сыйға тартып, 1 қой атап, тәтті тағамдар әкелді.

Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешіттің бас имамы Бекзат қажы Сейтжаппаров балаларға Құрбан айт мерекесі туралы өсиет айта келе, Құран кітабын ұжымға сыйға тартты.

Балалар үйімен үнемі тығыз байланыста жүретін жергілікті ақын Жақсылық Омаров та сауапты істен тыс қалмай, өзінің жыр жинағын, бір қойын және күріш, майын ала келді.

Бұл үйден түлеп ұшқан балалар бүгінде мамандықтың сан саласында жүр. Олардың көпшілігі шахталарда еңбек етуде. Өздері қанат қаққан ұяға іні-қарындастарын құттықтай келген балаларымызбен бірге олармен бір ұжымда еңбек ететін жастар да келіп, құттықтап, сый-сияпаттарын үлестірді.

Бұл игілікті шарадан жергілікті тұрғындар да шет қалмады. Ибадулла Байбатыров, Дәмеш апа, Сәния Нұрғалиева, Е.Әлібеков, А.Белгібаев, М.Манасбаев атты азаматтар мен азаматшалар құрбандыққа шалған малдарын алып келді.

Тау-кен жабдықтау кәсіпорнынан келген В.Шаряк, Б.Әміров пен «Батыс», «Мағжан» дүкендерінің иелері балаларды бір қуантып тастады.

Қонақтар бірін-бірі мерекемен құттықтап, бір үйдің балаларындай бірлікте өмір сүріп жатқан балалардың ұйымшылдығын көріп, риза болды.

«Мерей» балалар үйінің басшысы Бақыт Мақашева, «Жалғас» жасөспірімдер үйінің директоры Күләш Омарова ұлық мерекеде осы бір қам көңіл балаларды ұмытпай, келіп қуантқан қонақтарға дастархан жайып ризашылығын білдірді.

А.Байбатырова, «Жалғас» жасөспірімдер үйінің тәрбиешісі.

Комментарии закрыты.