Екі ұжымдағы кездесу

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын халыққа тиісті деңгейде жеткізіп, түсіндіру мақсатында еліміздің барлық аймақтарында ақпараттық-насихаттау топтары жұмыс жүргізуде. Осындай топ мүшелері жақында Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасы ұжымымен кездесіп, Жолдауда қамтылған өзекті мәселелермен таныстырды.

Сәтбаев қаласы мемлекеттік мұрағатының директоры Айгүл Төлендина басқарған ақпараттық-насихат тобының құрамында №16 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ақнұр Тиникенова, салық басқармасының өндіріп алу бөлімінің бастығы Бибісара Баекенова болды.

Жолдаудың өзектілігі мен онда қамтылған басым он бағыт туралы А.Тиникенова баяндама жасады.

– Биылғы Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласына жүйелі түрде әсер етіп, жаңа серпілістерге зор екпін бергені белгілі. Жолдау жолданғаннан бері республика бойынша біршама жұмыстар атқарылып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл Жолдаудың маңыздылығы – онда әлеуметтік жаңғырту бағдарламасының қолға алынуы. Білім беру, денсаулық саласының және жұмыс орнының жаңа сапасын қамтамасыз ету арқылы халқымыздың әлеуеті көтерілетіні сөзсіз. Ендігі бір міндет – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуді түпкілікті шешуді қолға алу. Бұл біздің өміріміздің сапасына тікелей әсер етеді. Бұған қоса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жұмыстарының қызметін жақсарту барысында біз әлеуметтік жаңғыруға жаңа мүмкіндіктер туғызамыз. Қазақстандық қоғамда адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең басты құндылық болып табылады. Осыған орай, Жолдауда көрсетілген он бағытты жүзеге асыру жолында халықтың тұрмыс-жағдайы жақсарады. Осы тұрғыдан келгенде биылғы Жолдау ел тарихындағы аса маңызды құжат болып есептеледі, – деді баяндамашы.

Одан әрі А.Төлендина Жолдауда аталған он бағыт бойынша Сәтбаев қаласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның ішінде «Жұмыспен қамту», «Қолжетімді баспана» секілді мемлекеттік бағдарламаларға кеңінен тоқталды.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында тәуелсіз Қазақстанның әр өңірлерінде жарқын істер жүзеге асуда. Бұл істердің барлығы да келешек ұрпақ үшін қызмет ететін болады. Ал, жастар болса өз тарапынан осы игі бастамаларды жалғастырып, егеменді мемлекетіміздің дамып, өркендеуі үшін бар күш-жігерлерін жұмсаулары қажет, – деді Айгүл Қосманқызы.

Жиынды Бибісара Баекенова қорытындылап, топ мүшелеріне ұжым атынан алғысын білдірді.

Елбасының биылғы Жолдауын насихаттауға арналған осындай кездесу Абай атындағы №4 мектеп-лицейде де өтті. Оған №1 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Света Кенжегозина және мектептің ұстаздар қауымы қатысты. Кездесуде ақпараттық-насихат тобының мүшесі тыңдаушыларға Жолдаудың өзектілігі мен ерекшеліктері жөнінде баяндап, маңызды құжатта қамтылған негізгі ережелерді түсіндірді.

М.Шахаева.

Комментарии закрыты.