Өңірдің өркендеуіне өріс кең

Қазіргі күні елімізде тұрғындарының саны 50 мыңнан аспайтын 60 бір салалы қала бар. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бір салалы қалалардың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуді Үкіметке тапсырды. Моноқалалардың екінші тынысын ашуға себепкер болатын бұл бағдарламаны Үкімет дайындап, мамыр айында бекіткен болатын. Оның сыртында «Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған Кешенді жоспарын» да бекітіп, қос қала мен бір ауданның инфрақұрылымына оң өзгерістерін әкеледі деп күтілуде.

Бір салалы қаланы дамыту бойынша қала әкімдігі жоғарғыда атап өткен жоспарлардың негізінде бағдарлама әзірлеген болатын. Қаланы алдағы сегіз жыл ішінде жан-жақты дамытуды көздеген бұл бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанын білу үшін қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Марат Тұрсынұлы Баповты әңгімеге тартқан едік.

– Марат Тұрсынұлы, Үкімет іріктеп алған 27 моно қалалардың қатарында кеншілер шаһары бойынша қала инфрақұрылымын қандай өзгерістер күтіп тұр. Жалпы, бастама қалай?

– Ағымдағы жылы моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында Сәтбаев қаласына республикалық бюджеттен 274 млн 203 мың теңге бөлінді.

Бағдарлама бойынша негізге алған жұмыстардың бірі – балалар алаңдарын жабдықтау. Бұл бағытта қазіргі күні 10 нысанның жұмысы аяқталды. Сондай-ақ, 4 хоккей корды жобаланып, біреуінің қоршауы тұрғызылса, тағы да екі кордтың қоршауы бой көтеруде.

Аулалар мен қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары да назардан тыс қалып отырған жоқ. Қазіргі уақытта қалаға жарық бағандарын орнату аяқталуда. Шаталюк көшесі мен Сәтбаев даңғылына 35 баған, Наурыз, Жастар көшесіне 26 баған, спорттық сауықтыру кешенінің маңайына 18 баған орнатылды. Сондай-ақ, 3, 4 шағынаудандардың аралығында 31 баған қойылды. Биылғы жоспарға алған жұмыстардың басым көпшілігі іске асырылды.

– Ілкімді жобаның келер жылғы еншісіндегі жұмыстарға да тоқтала кетсеңіз.

– Бұл бағдарлама қаланы түбегейлі жаңғыртуды мақсат етіп отыр. Келер жылы 1 млрд 306 млн 270 мың теңгені құрайтын жұмыстар жүзеге асырылмақ. Ал, 2015 жылға дейінгі аралықта 4 млрд 765 млн 538 мың теңгені құрайтын 14 нысан пайдалануға берілмек. Қала түбегейлі жаңғыртудан өткен соң, халық саны да артатыны анық. Сондықтан, келер жылы 5 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Атап айтар болсақ, №25 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, Кеншілер алаңына субұрқақ салу, қалаішілік жолдарды жөндеу, сондай-ақ, шығыс және батыс аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдары жақсартылмақ. Қазір мердігер компаниялар анықталып, сметалық құжаттары әзірлену үстінде.

Осы тұста айта кету керек, қаладағы өндірістік кәсіпорын­дармен бірлесіп тұрақты жұмыс жасалуда. Іс жүзінде бұл «Қазақмыс» Корпорациясы» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігімен жасалған ме­морандумда айқын көрініс тауып отыр. Аталмыш меморандумның аясында 2012 жылы қаланы абаттандыру бойынша жалпы сомасы 304,5 млн теңге болатын жұ­мыстар атқарылды.

Индустрияландыру картасына қаламыздан екі жоба енді. Оның бірі – құс фабрикасын күрделі жөн­деуден өткізіп, қайта құру. Құны 130 млн теңге болып отырған бұл жоба 2012 жылдың аяғына дейін толық қуаттылыққа шықпақ. Келесі жылы «Рудсервис» ЖШС-нің компрессорлау қондырғыларын жөндеу және жаңарту цехы жұмысын бас­тайды.

Қаламызда халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асы­рылып жатыр. 2012 жылы рес­публикалық бюджеттен 294 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сөйтіп, 3 қабатты 18 пәтерлі үйдің құрылысы басталып кетті.

Тұрғын үй коммуналдық шар­уа­шылық кешенін жаңғырту бағ­дарламасының бірінші бағыты шең­берінде жалпы аумағы 3876,3 шаршы метр болатын сегіз пәтерлі екіқабатты 10 үй күрделі жөндеуден өтті. Былтыр бұл жұмыс облыс­та алғашқылардың қатарында қол­ға алынып, осындай 5 үй заманауи талаптарды ескере отырып жаңғыртылған. Алдағы уақытта да осы мақсатта тұрғын үйлер жаңа келбетке ие болмақ. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында 48 пәтерлік көп қабатты үй жыл соңына дейін беріледі.

– Күтілетін нәтиже қандай?

– Әрине, биылғы жылы қолға алынған жобалардан күтер нәтиже мол. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық жаңғыртылуы – екінші тынысының ашылуы деп ой түйсе де болады. Шыңырауда кен алып, Тәуелсіздіктің жиырма бір жылында ел экономикасын еселеген өлкенің, соның ішінде Сәтбаев қаласының кен көзіне ғана тәуелді болып қоймай, жан-жақты даму мүмкіндігі күтілуде. Егер қаржының барлығы толық көлемде сапалы игерілсе, 2020 жылға қарай қаладағы өнеркәсіптік өнім көлемі 50 пайызға артып, қарқынды жұмыс істеп тұрған инновациялық кәсіпорындар саны 4-тен 8-ге жетеді, негізгі капиталға салынған инвестиция 18 млрд теңгені құрап, шағын және орта кәсіпкерлік алға басады.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауларында индустриалдық-инновациялық жобалардың бой көтеруі ел экономикасының басты даму факторы бола алатынын жиі айтады. Осы бағытта қаланың дамуына үлес қосар қандай инвестициялық жобалар бар?

– Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында биобутонал заводының инвестициялық жобасы әзірленді. Заводтың бой көтеруі кезінде 50 адамға жұмыс табылып, іске қосылғанда тұрақты 150 жұмыс орны ашылмақ. Екінші жоба – электрлік емес жүйелер заводының құрылысын салу. Завод құрылысы кезінде 100 адам еңбекпен қамтылып, өндірістік қуатына келгенде 300 жаңа жұмыс орнында сәтбаевтықтар екі қолға бір күрек таппақ.

– Аймақтың тыныс-тіршілігіне түбегейлі өзгеріс әкеледі деп күтіліп отырған моноқалаларды дамыту бағдарламасынан тыс Жезқазған аймағын дамыту жоспары жайында бірер сөз айта кетсеңіз.

– Бұл Кешенді жоспар аймақтың, сондай-ақ, қала әлеуметінің әлеуетін, экономикалық-саяси қарышты дамуының алдағы қадамдары. Сонымен қатар, орта және шағын кәсіпкерліктің қарқын алуына үлкен ықпалын тигізе отырып, өңірдің өркендеуіне жол ашпақ. Үшінші инвестициялық жоба ретінде қаралып отырған «Жезқазған-Бейнеу» бағытындағы теміржол құрылысы 2015 жылы аяқталады. Бұл шойын жол өңірді тұйықтан шығарып, сауда-саттыққа, мыс өнімдерін сыртқа шығаруға мол мүмкіндік жасайды деген сенімдеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.