Мазмұны мол кездесу

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен биылғы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жанынан жастар ісі жөніндегі комитет пен жастар саясаты саласындағы барлық мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп отыратын тиісті басқармалар құрылған болатын. Осындай басқарманың бірі Қарағанды қаласында да ашылып, облыс жастарының әлеуметтік жағдайын ретке келтіріп, белсенділігін арттыруды мақсат етуде.

Өткен аптада Қарағанды облысы жастар саясаты жөніндегі басқармасының бастығы Мирас Құттыбай Сәтбаев қаласына келіп, жастармен кездесті. Кездесуге ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Сағындықова, қоғамдық бірлестіктер және жастар ұйымдарының өкілдері, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты технологиялық колледждің студенттері мен №3 кәсіптік лицейдің оқушылары қатысты.

Жиында М.Құттыбай өзі басқаратын мемлекеттік мекеменің қызметі, негізгі бағыттары, сондай-ақ, жастар арасындағы мәселелерге тоқталды.

– Еліміздің егемендігін баянды ететін, оның нарықтық жолға түсіп, демократиялығын дамытатын негізгі қозғаушы күш – жастар. Бұл жөнінде ел Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінгі істеп жатқан бағдарламалардың барлығын іске асыратын – жастар» деп, бізге үлкен сенім білдірді. Болашақ ұрпақ, қазіргі жас буынды жалпы адамзат құндылықтарын қастерлеумен қоса, олардың өз еліне, ұлтына, салт-дәстүріне деген патриоттық сезімін арттырып, осы бағытта тәрбиелеудің маңызы зор. Патриоттық рух жоғары болған сайын Қазақстан халқы мықты бола түседі. Мемлекетімізді дамыған елу елдің қатарынан көру үшін біздер, жастар, сапалы білім алып, берік саяси сана қалыптастыруымыз қажет. Міне, сондықтан жастар саясаты басқармасының басты міндеттерінің бірі – жастардың патриоттық тәрбиесі мәселесіне назар аударып, жастардың бүгінгі проблемаларын жан-жақты зерттеп, олардың бойында өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыру болып табылады.

Қазіргі күні Қарағанды облысында жастардың 30 пайызы тұрады. Үш қалада жастар бастамашылдығы орталықтары ашылған. Облыс бойынша 1327 жас маман «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс жасауда. Соңғы жылдары мемлекет жастар саясатына ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған орай, өңір әкімдері мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруды қаржыландыру, оны үнемі бақылауда ұстап отыру және басқа да жастарға қатысты мәселелерге көңіл аударуда. Соның дәлелі, 2012 жылы Сәтбаев қаласында жастар саясатын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 6824,0 мың теңге бөлініпті. Ал, ендігі 2013 жылы 8964 мың теңге бөлу жоспарлануда, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Мирас Құттыбай елімізде жастар саясаты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, білім мен ғылым, жастардың әл-ауқатын арттыру мақсатында құрылған мемлекеттік бағдарламалар жайында мағлұмат берді.

Кездесу барысында жиналған жастар келген қонаққа өздерін алаңдатқан мәселелер төңірегінде сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.