Үгіт-насихат жалғасуда

Бүгінгі таңда қаламызда тазалық мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Тазалық – адам денінің саулығы мен қоршаған ортаның ажары. Елбасы Н.Ә.Назарбаев қалалардың тазалығына аса мән беріп, тазалыққа нұқсан келтіретін ұсақ әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтілу керектігін айтып, үкіметке тапсырмалар жүктеді.

Қала әкімі Б.Ахметовтың тапсырмасымен тамыз айынан бастап әкімшілік құқықбұзушылық заңдарын тұрғындар арасында түсіндіру үшін ақпараттық-насихат тобы құрылған болатын. Осы уақыт аралығында топ мүшелері қала мекемелері мен кәсіпорындарында болып, олардың жұмыскерлерімен жүздесіп, заң төңірегінде ой-пікір алмасты. Дәл осындай кездесу қалалық әкімдік жанындағы ішкі саясат бөлімінің бастығы Кауһар Сағындықованың, ішкі істер бөлімінің аға инспекторы Дархан Түсіпбековтың, Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы Хамит Мырзагелдиевтың қатысуымен «Тазалық-2020» ЖШС ұжымында өтті.

Қала тазалығының басы-қасында жүрген мекеме жұмыскерлерінің атқарған жұмыстарын тілге тиек ете отырып, заңның қала бойынша жүзеге асырылуына да үлестерін қосу керектігін айтып өтті топ мүшелері.

Сондай-ақ, кездесуде әкімшілік құқықбұзушылықтың 330-шы бабы ұсақ бұзақылық болып табылатынын, ұсақ қылмыстың алдын алуда қалада қазіргі күні арнайы рейдтік топтар құрылып, жұмыс жасауда екендігі айтылды.

Орталық мешіттің наиб имамы жұмысшыларға Құран Кәрімнен хадистер келтіріп, тазалық тек тәнмен емес, жүрекпен, амалмен болатынын айтты.

Бұл мекеме жұмыскерлеріне заңды түсіндіріп жатудың өзі артық. Тек, осы заңды өз істерінде басшылыққа ала отырып жұмыс жасаса, қаланың сәніне нұқсан келтірген азаматтарды көзі шалған жағдайда түсіндіру жұмыстарын жүргізсе деген ұсыныс.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.