Елбасының ерен еңбегіне құрмет

Тарихтың қойнауына кеткен ХХ ғасырдың 1991 жылы ел халқының есінде. Қазақ елі Тәуелсіздігін алып, бөркін көкке атқан 16 желтоқсан еліміз үшін ұлы мереке болды. Бүгінде жаңғыру мен жаңарудың дәуіріне келген Қазақстанның сол азаттығын алуда бірінші болып ата-бабаларымыздың арман-тілегі тұрса, екінші – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр.

Айналасы жиырма бір жыл ішінде әлемді таң қалдырған қазақ елі осы Тұңғыш Президенттің арқасында көп жетістіктерге жетті. Есіл бойына бар елді тамсандырған Астана салынып, дәулеті мен сәулеті келісіп-ақ тұр.

Бүгінде ел экономикасы да қарышты дамуда. Индустриалдық-инновациялық жолға түскен еліміз қай жағынан болсын Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Жиырма бір жыл ішінде осындай жетістікке жеткен қазақ елінің толағай табысында Елбасының өлшеусіз еңбегі жатқаны сөзсіз.

Еліміз Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын мерекелеп жатқан тұста ел Парламенті 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні – Мемлекеттік мереке ретінде бекітті.

Бұл мемлекеттік мерекені атап өтуге байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар басталып та кетті. Облыс бойынша да бірқатар мерекелік шаралар қолға алынды. Соның бірі – облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Еліме ерен еңбегім» деген атпен өтіп жатқан үгіт пойызы облыстың қалаларын аралап, жаңа қоғамдағы Қазақстанның өсіп-өркендеу жолын, Елбасы еңбегін жас ұрпаққа дәріптеуде.

Өткен жұма күні Жезқазған және Сәтбаев қалаларына келген осы үгіт пойызының мүшесі, аймақтық «Сарыарқа дарыны» ғылыми-әдістемелік орталығы бастығының орынбасары Раиса Ғайнутдинқызы Сәбитова қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі мен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының Елбасының елді дамыту мен өркендетуі жолындағы еңбектерін өлке жастарына жеткізу мақсатында ұйымдастырған іс-шараларына қатысты.

Жалпы білім беретін №15 мектепте Елбасы құрметіне арнап өткен бұл шара үш секциядан тұрды. Қаланың оқуда, спортта, өнерде жеңіске жеткен оқушыларының бір тобы ардагер ұстаздармен кездессе, бір тобы спорттық ойынға қатысты. Ал, шаһардағы кәсіптік білім беретін үш колледж мамандық таңдау шеруін өткізді.

Облыстан келген қонақ мерекелік шараның басын «Еліме ерен еңбегім» атты дөңгелек үстелге қатысудан бастады. Жас буынмен кездесуге ұлағатты ұстаздар – Шабал Бейсенбекова, Мәуия Бекмағамбетова, Евгения Соборова, Сәуле Бапанова, Галина Менькова, Күлзия Қадылбекова, Жұмағали Құлманов шақырылды. Раиса Ғайнутдинқызы ұстаздармен жүздесуінде:

– Қай саланың болмасын дамуында жиырма жыл ішінде өзге ел жетпеген жетістіктерге қол жеткіздік. Қарышты даму білім саласында да жеткілікті. Біз бұл жетістіктерімізді еліміздің Тұңғыш Президентінің сындарлы саясатының нәтижесі деп білуіміз керек. Жастар осы жасалған жақсылықты санасына сіңіре отырып, білім алуға ұмтылса, болашағымыз кемелдене түседі. Біздің орталық білім саласындағы олимпиадалық додаларға қатысатын жастарды дайындайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында олимпиада санаулы ғана пәндерден өтетін болса, қазір оның қатары көбейді. Осы аймақта, әсіресе, Сәтбаев қаласының жастары дарынды. Осы таланттарды ашуда білім бөлімінің атқарып отырған жұмыстары қомақты. Біздің бұл шараны ұйымдастырудағы негізі мақсатымыз – жастардың білімге, еңбекке деген құштарлығын ояту, талпындыру. Елбасы шілде айындағы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында еңбекке бастар жол – білім, ізденіс екендігін тілге тиек етті. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, талпынып, білім алып, еңбек етсең – келешегің жарқын. Біз осы бағытта талпынған талантты, дарынды жастарды қолдаудамыз. Республикалық, Халықаралық олимпиадаларда елдің Көк Туын желбіреткен жастарымыз баршылық. Орталықтың қолдауымен жақында Елбасы өзінің еңбек жолын бастаған Теміртау қаласында Президент атындағы V Республикалық олимпиада ұйымдастырылады. Бұл білім додасына 150-ден аса дарынды жастар қатысады деп күтілуде. Сары мыстың бесігін тербеген Сәтбаев қаласының дарынды жастарын білімге баулыған білім бөліміне алғысымды білдіремін, – дей келе, Р.Сәбитова әдіс орталығының шығарған кітаптарын қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі әдістемелік кабинетінің жетекшісі Ирина Беткерге тапсырды.

Білімнің ұстасы атанған қаланың байырғы ұстаздары дөңгелек үстел басында жастарға ұлағатты сөздерін айтып, білімге, еңбекке ұмтылуға шақырып, сұрақтарына жауап берді. Әдіс орталығының әдіскерлері Гүлсім Есмұрзаева, Құралай Жарылғапова өткізген дөңгелек үстелде Елбасы және оның еңбек жолы жайында біраз ойлар ортаға салынды.

Бір топ жас аға буынмен кездесіп жатқанда, Сәтбаевтың спортсүйер жастары өзара көңілді старт ойындарынан сынға түсті. Старттық ойында №3, 15, 16 мектептердің оқушылары төрт кезең бойынша сайысқа түсті. Ойын жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Атап айтар болсақ, №15 орта мектептің «Алау» тобы ІІІ орынды, №3 орта мектептің «Жалын» тобы ІІ орынды еншілесе, жеңіс тұғырына №16 орта мектептің «Тұлпар» тобы көтерілді.

Елбасы мақаласында кәсіптік білімнің деңгейін көтеріп, арнайы мамандандырылған кәсіпқой мамандарды даярлау ісіне ден қоюды баса айтты. Біздің қалада жастарды кәсіптік бағдарда оқытып, даярлап шығаратын №3 кәсіби лицей және технологиялық колледж бар. Таяуда осы колледждердің қатарын «Денсаулық» медициналық колледжі толықтырды. Осы шараның аясында әр колледж ұжымы өздерінің мамандық даярлау ісіндегі жетістіктерін, қандай мамандыққа баулыйтындарын көрсетті.

Бір айта кетерлігі, әлем бойынша бұл Мемлекеттік мереке тұңғыш рет біздің елде ғана аталып өтілмек.

Елбасының ерен еңбегіне арналған бұл іс-шара желтоқсан айында Теміртау қаласында жалғасады. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында «Тұлғаның ерен еңбегі» атты мерекелік бағдарлама аясында «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына салтанатты қабылдау рәсімімен аяқталады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.