Елордада жастар съезі өтуде

Артқа төрт жыл тастап, бүгін ел ордасы Астанада Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезі өтуде. Республиканың түкпір-түкпірінен келген жасотандықтар съезде Елбасымен бірге Жастар қанатының 2020 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» атты Стратегиясын талқылап, жаңа атқарушы хатшысын сайламақ.

Бұл съезге біздің қаладан да делегаттар қатысуда. Астанаға аттанар алдында «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы, Жас көшбасшылар қауымдастығының Басқарма Төрағасы, Қарағанды облысының әкімдігі жанындағы патриоттық тәрбие және жастар саясаты жөніндегі Кеңес мүшесі Нұрлыбай Наурызбаевпен жолыққан едік.

– «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезіне біздің қаладан төрт делегат барады. Оны өзім бастап барамын. Съезге қатысуға қоғамдық өмірге белсене атсалысып жүрген жастар іріктеліп алынды. Атап айтар болсақ, Гүлнұр Аяшева – М.Әуезов атындағы №14 орта мектептің психологы, Жас көшбасшылар қауымдастығы Басқарма Төрағасының орынбасары, Ербол Кенбейілов – мәдени-сауықтыру спорт орталығының шаруашылық меңгерушісі, Жас көшбасшылар қауымдастығы Басқарма Төрағасының орынбасары және Жас көшбасшылар қауымдастығының Басқарма Төрағасы Айнұр Иденова.

– Басқосуда көтерілетін мәселелер жайлы айта кетсең…

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде елдің ең ірі жастар ұйымы – «Жас Отан» Жастар қанатына 2020 жылға дейінгі Стратегиясын әзірлеуді тапсырды. Қазір Стратегия дайын. Бұл құжат осы съезд барысында жастардың назарына ұсынылады және қабылданады деп күтілуде. Сондай-ақ, жаңа атқарушы хатшы сайланады. Республикадан жиналған жастар бір-бірімен пікір алмасып, «Жас Отан» Жастар қанатының алдағы бағыт-бағдарын айқындап қайтатын боламыз.

Біздің делегаттар алдағы уақытта съезде қаралған мәселелер бойынша жасотандықтармен кездесу ұйымдастырып, ой-пікірлерімен бөлісуді жоспарлап отыр.

Жазып алған Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.