«Жастар саясатының жаңа парағын ашты», — дейді съезд делегаттары

Республиканың түкпір-түкпірінен тоғыз мыңнан аса жастардың басын біріктіріп, арман-мүдделері мен жастар мәселесі төңірегінде ой алмасқан «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезі Елорда төрінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен «Сарыарқа» велотрегінде өтті. «Арман! Сенім! Еңбек!» деген ұранмен өткен съезде жастар «Жас Отан» Жастар қанатының «Жастар – Отанға!» Стратегиясын талқылап, қабылдады. Сонымен қатар, жаңа атқарушы хатшы тағайындалды.

Бұған дейін айтқанымыздай, кенді қаладағы он сегіз мыңға тарта жастардың атынан бұл бүкілреспубликалық жастар құрылтайына төрт делегат қатысып келді. Олар – «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы, жас көшбасшылар қауымдастығының Басқарма төрағасы, Қарағанды облысының әкімдігі жанындағы патриоттық тәрбие және жастар саясатЫ жөніндегі Кеңес мүшесі Нұрлыбай Наурызбаев, №14 орта мектептің психологы, жас көшбасшылар қауымдастығы Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнұр Аяшева, Сәтбаев қаласының мәдени-сауықтыру спорт орталығының шаруашылық меңгерушісі, жас көшбасшылар қауымдастығы Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Кеңбейілов пен қауымдастықтың мүшесі Айнұр Иденова.

Жастар саясатының жаңа бір парағын ашып, жасотандықтарға жаңа серпіліс пен нақты тапсырмалар жүктеген съездің делегаттары болған біздің жастар апта басында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясын ұйымдастырып, алқалы жиыннан алған әсерлерімен бөлісті.

Конференцияны ашып, жүргізген қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев жастарды абыройлы міндетті тиісті деңгейде атқарып келулерімен құттықтап, Елбасы жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі. – Кешегі жастардың басқосуында Елбасы «Жас Отан» – бұл болашақ саясаткерлерге арналған мектеп деп баса айтты. Сондықтан да партияның бір қанаты болып отырған жастар ұйымының жастар саясатын жүзеге асырудағы міндеттері ауқымды. Оны съездің барысында өздерің тыңдап, талқыладыңдар. Осы міндеттерді абыроймен атқаруда сендердің күш-жігерлеріңе мен де сенемін. Елбасы жиында көтерген мәселелерді алдағы уақытта қала жастарына жеткізу мақсатында мекемелер мен өндіріс орындарында кездесулер ұйымдастырып, пікір алмасыңдар, – деді Жаңбырбай Әбжәметұлы.

Қала жастарының атынан съезге қатысқан белсенді жастар конференция барысында өз ойларымен бөлісті. – «Арман, мақсат, міндет тоғысқан жерде береке бар» дейді ұлылар. Біздің арманымыз да, мақсатымыз да, міндетіміз де бір – Отанымыздың көркеюі жолында еңбек ету, Қазақстандағы жастар саясатын өрге бастыру. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуы керек, алдағы бағыт-бағдарымыз қандай болмақ деген көп сауалға жауап берген съезд жастарға жаңа серпін берді. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған жастар бір арман жолында Астанада Елбасының айналасына жиналып, алдағы сегіз жылдағы атқарар міндетімізді айқындадық. Көп жастармен ой бөлістік. Елге танымал саясаткерлермен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесіп, пікір алмастық. Ең бастысы – «Жас Отан» ЖҚ-ның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық құжатын қабылдадық. Бұл құжатта жастардың білімге құлшынысын арттыру, оларды жұмыспен қамту мәселелері қаралып, оның алдағы уақытта шешілу жолдары ұсынылған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл съезде мінбеге шығып сөйлеген замандастарымыздың сөзінен кейін «Жастар жалынды сөз бен жасампаз істің иесі екендіктерін танытты. Сендер күллі Қазақстан жастарының атынан көшелі ой мен өрелі пікір айттыңдар. Сендердің тың бастамаларыңды мен әрқашан қолдаймын!» деді. Қолдау бар жерде сенім бар. Осы Елбасы сенімін ақтауға, Стратегияда көтерілген мәселелердің оң шешімін табу жолында өз үлесімізді қосамыз, – дейді қаламыздан өсіп келе жатқан жас саясаткер Нұрлыбай Наурызбаев.

– «Арман, Сенім! Еңбек!» қазіргі жастардың басты ұстанымына айналды. Армансыз, сенімсіз адамның еңбекке деген құлшынысы әсте болмайтыны белгілі. Қазіргі жастардың арманы асқақ, келешекке деген сенімі ерекше. Тұтасымен алғанда, қоғам дамуында жастар қозғаушы күшке ие. Осы жастар күшінің елімізде атқарып отырған жұмысын съезде Елбасы жоғары бағалады. Осыдан төрт жыл бұрын өткен съезде Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Жас Отан» Жастар қанатының Стратегиясын жастар өздері анықтап, өз пікірлерін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік берген болатын. Осы мүмкіндікті пайдаланған ел жастары алдағы міндетімізді айқындап, жастар тарапынан атқарылатын жұмыстардың ауқымын белгілеген құжат бірауыздан қолдау тапты. Ендігі міндетіміз айқын. Бірлесе отырып еңбек ету ғана қалды,– дейді мәртебелі жиынның делегаты Гүлнұр Жүрсінқызы.

– Дана халқымызда «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөз бар. Жастардың басын бір арнада тоғыстырып, алдағы дамуымызды келісе отырып айқындаған бұл съездің орны менің өмірімде ерекше орын алды. Елбасымен бірге ел дамуындағы өзекті мәселелерді еліміздің жалынды жастарымен талқылаудың өзі мақтаныш пен мәртебе. Теледидарда көрген әсер бөлек те, қатысып, өз қатарыңмен пікір алмасудың жөні мүлде бөлек. Бұл съезде қабылданған құжаттың маңыздылығы сол – жастардың мәселесін толығымен қамтыды. Жастардың білім алуы, жұмыспен қамтылуы, кейбір жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету мен жастарды баспанамен қамту жағдайларымен қатар, жастардың бірлікте, татулықта еңбек етуі қарастырылған. Съезде сөз алған Елбасы осы мәселелермен қоса, жастар арасындағы діни сауаттылықты арттыруға, теріс ағымның жетегінде кетіп, адасып жатқан жастарға үлгі болып, соларды шынайы өмірге тарту мәселесінің кезек күттірмейтінін, жасотандықтар осы жолда да ұйымшылдықпен біріге еңбек етулері керектігін баса айтты. Ұлт Көшбасшысы «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі Стартегиясын жастар өздерінің төл тәжірибесінің нәтижесінде әзірлегенін атап, осында көтерілген мәселелермен Отанды индустриалдық-инновациялық дамытуға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға жастарды тартуды көздейді деді. Жасотандықтарға абыройлы сенім артылып отыр. Осы сенімді ақтау жолында жұмыла еңбек етуге дайынбыз, – дейді Ербол Кеңбейілов пен Айнұр Иденова.

«Сарыарқа» спорт сарайында бас қосқан жастар алдағы міндеттерін айқындап, «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысын тағайындады. Енді бұл міндетті Нұрлан Сыдықов атқаратын болады.

Съезде сөз алған жаңа хатшы «Жас Отанды» жаңа биіктерге, жаңа мақсаттарға, жаңа жетістіктерге жеткізуге үлес қосуға уәде беремін!» деді. Осындай мақсатты алға қойған жас саясаткерге сәттілік тілейміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.