Партияның қатары нығайып, беделі өсуде

Конференцияны «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Батырлан Ахметов ашып, жүргізді. Оның жұмысына «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.С.Балмағамбетов, партияның Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Г.Каженова, Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы С.С.Имамбай, қала әкімінің орынбасарлары, халық қалаулылары, ұлттық мәдени орталықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, жастар қатысты.

Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды:

«Партияның Сәтбаев қалалық филиалы Саяси кеңесінің 2011–2012 жылдардағы жұмысы туралы есебі»; «Партияның Сәтбаев қалалық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының 2011-2012 жылдардағы жұмысы туралы есебі»; «Партияның Сәтбаев қалалық филиалының Саяси кеңесін сайлау»; «Партияның Сәтбаев қалалық филиалының бақылау-тексеру комиссиясын сайлау» және «Партияның Қарағанды облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау».

Алдымен делегаттардың назарына мандат комиссиясының хабарламасы ұсынылды.

– Партия филиалы айқындаған нормаға сәйкес конференцияға барлығы 116 делегат сайланып, 18 адам шақырылды. Олар 3069 партия мүшелерінің өкілеттілігін ұсынады.

Конференция делегаттарының құрамы біздің қоғамымыздың барлық топтарын көрсетеді, экономиканың әр түрлі салаларының, кәсіпорындарының, басқару органдарының, кіші және орта бизнестің, зиялы қауымның, мәдениет, денсаулық сақтау, білім, дене шынықтыру мен спорт салаларының өкілдерін біріктіреді.

Делегаттар арасында 5 адам – Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты, 72% жоғарғы білімді – бұл біздің конференциямыздың, жалпы партияның жоғарғы интеллектуалдық деңгейі мен әлеуетін көрсетеді, – деп мәлімдеді «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қайрат Смайлов.

Алғашқы мәселе бойынша есептік кезеңдегі атқарылған жұмыстар жөнінде негізгі баяндаманы «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев жасады.

– Есепті кезеңдегі ең негізгі шаралар ретінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуді, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кезектен тыс сайлау мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлауды атап өтуге болады. Аталмыш саяси шараларға партияның қалалық филиалының белсенділері көп үлестерін қосты. Бүгінгі таңда филиалда қызмет ететін 13 бастауыш партия ұйымының құрамында 3069 партия мүшесі бар. Осы конференцияға дейін барлық бастауыш партия ұйымдарында есеп беру-сайлау жиналыстары өтті. Осы орайда, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жаңа серпінмен ұйымдастыру істеріне белсенді араласып жүрген С.Тё, Қ.Смайлов, С.Ткачук, М.Рыспаеваны атап өтуге болады, – деді Жаңбырбай Әбжәметұлы.

Партияның қалалық филиалы Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы мен партияның «Қазақстан. 2017 жылғы мақсаттар» Халықтық Тұғырнамасын қала тұрғындары арасында насихаттау және түсіндіру бойынша кешенді жұмыс атқарылды. Еліміздің, облысымыздың және қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының жанында 3 ақпараттық-насихаттау топтары және «Жас Отан» Жастар қанаты белсенділерінен тұратын «Жас саясаткер» жастар үгіт тобы құрылған.

Есепті кезеңде осындай бағыттағы 169 іс-шара өткізіліп, онда 17080 адам қамтылды.

«Нұр Отан» ХДП сыбайлас жемқорлықпен күреске басты назар аударады. Есепті кезеңде партияның филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңес 15 отырыс өткізіп, онда жергілікті мемлекеттік органдардың жемқорлықпен күрес жөніндегі заңнама талаптарының орындалуы туралы есептерін қарастырды.

Партияның қоғамдық қабылдауында есептік мерзімде 546 адам болды. Олардың барлық өтініш-тілектері қаралып, тиесілі өкілетті органдарға жіберілді. Филиалдың ықпал етуімен 201 мәселе оңтайлы шешіліп, шағымданушылардың талаптары қанағаттандырылған.

Баяндаманы талқылауға депутаттық фракция атынан А.Төлендина, «Емхана» бастауыш партия ұйымы атынан Ш.Мұхамедғалиева, «Жас Толқын» бастауыш партия ұйымы атынан Н.Наурызбаев қатысып, филиалдың есеп беру кезеңіндегі жұмысына оң бағаларын берді. Партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруда филиалдың маңызды жұмыс атқарғанын атай келе, XIII есеп беру-сайлау конференциясы есепті кезеңдегі Сәтбаев қалалық филиалының жұмысына «қанағаттанарлық» деп баға беріп, қаулы қабылдады.

Екінші мәселеге байланысты «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы М.Баповтың берген мәліметі бойынша филиалдың қаржылық жұмысы да жақсы жолға қойылған.

Келесі кезекте конференция делегаттары қалалық филиалдың құрамы 21 адамнан тұратын Саяси кеңесін және бақылау-тексеру комиссиясын сайлап, бекітті.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселеге орай, XIII есеп беру-сайлау конференциясының қаулысымен «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық ХVI есеп беру-сайлау конференциясына 8 делегат сайланды.Сондай-ақ, осы жиында Саяси кеңестің отырысы өтіп, оның күн тәртібіне сай қалалық филиал Саяси кеңесінің Бюросы сайланды.

Конференцияның ресми бөлімі марапатқа ұласты. Партияның Сәтбаев филиалының төрағасы Б.Ахметов «Нұр Отан» ХДП жұмысына белсене араласып, насихаттап жүрген партия мүшелері С.Имамбай, Ж.Күнеділов, Г.Аяшева және Е.Кеңбейіловке Қарағанды облыстық филиалы төрағасының Құрмет грамотасын және бір топ белсенділерге Сәтбаев филиалы төрағасының Құрмет грамотасын табыс етті.

Осы салтанат үстінде партия қатарына өткен қаламыздағы «Денсаулық» колледжінің студенттеріне куәлік тапсырылды.

Майра Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.