Қазаққа Аллаһ берген бақ

Әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесін теңестіріп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда және ішкі-сыртқы саясатта өз орнын құрметпен ойып алған біздің Тәуелсіз еліміздің беделі жыл өткен сайын жоғарлауда. Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты барлық халықаралық ұйымдарға мүше болып, сол ұйымдардың тұрақты комиссиясының отырысы жоғары деңгейде Астана қаласының төрінде өткізілуіне қол ұшын беруде.

Ислам шариғатында: «Ел басқарушы адам – Аллаһ Тағаланың қалауымен болады», – делінген. Маңдайына бақ дарып, жүректерге иман ұялаған, игі жұмыстың басын «Биссмилләһтан» бастаған, береке басы – бірлік ұранымен жүрген қазақ халқына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлт көшбасшысы болып дарыды.

Елдің көне дәстүрінің жоғалмауы, тілдің өлмеуі, ділдің кірленбеуі, діннің ұмытылмауы жолында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің еңбегі ұшан-теңіз.

Апат айтып келмейді демекші, экономикалық кризис те дәл сол сияқты. 200-ден аса мемлекеттердің ішінен дамып кеткен Еуропа елдері көрпесін бері тартса денеге, төмен тартса аяққа жетпейтін халге жетті. Құдай қаласа, Тәуелсіздігінің 21 жылдығын атап өтуге дайын тұрған қазақ елінің бет алысына шүкір дейсің. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, ішкі жалпы өнім өсіп, бала туу көбейді. Балабақша, мектеп, аурухана, мешіттер саны көбейіп, ескілері жөнделіп еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін алғыс айтуда. Өткен жылдан бастап «Адал еңбек – қиыншылықты жеңбек» ұраны жалпықазақстандық саясатқа айналды. Қазіргі уақытта әрбір қазақстандықтардың шаңырағына бақыт басын июде. Құдай Тағала осы бақыттан айырмасын. Тәуелсіздіктің көк туы астында бірлікте болып, ел Үкіметі маған не береді деп күтіп отырмай, мен елге не берем деп аянбай еңбек еткен дұрыс болар.

Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тірек болайық. Ләйім, Аллаһ Тағала қабыл етсін.

Бақдәулет қажы Абдрахманов, Сәтбаев қаласы Балмағамбет Балқыбайұлы мешітінің Бас имамы.

Комментарии закрыты.