Мерейлі мерекедегі əн-думан

Елімізде тұңғыш рет тойланғалы отырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – Елбасының Қазақстанды дамытудағы өлшеусіз еңбегіне деген құрмет деп білеміз.

Осы мерейлі мерекеге орайластырылып Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі республикалық, облыстық, қалалық байқаулар мен мәдени іс-шаралардың белсенді қатысушыларын марапаттау рәсімін өткізді.

Мерекелік ән-думанның шымылдығын республикалық «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Айгөлек» балалар шығармашылығы байқауының жеңімпазы Жансая Керменбаева «Қазақ елі осындай» әнімен ашты. Абай әлемін өзінің рухани серігі санайтын орыс қызы Светлана Гамаюнова ның Орал қаласында өткен республикалық «Абай оқулары» байқауында ІІІ орынды жеңіп алғанын жұрт жақсы біледі. Орыс қызы осы ән кешінде ел ордасы – Астанаға арналған «Нұр Астана» әнін орындап, әсем дауысымен, таза тілімен жиналғандарды бір тәнті етті.

Жақында ғана Алматы қаласында өткен балалар шығармашылығы «Күншуақ» байқауының бас жүлдесін иеленген жас әнші Салтанат Серікбаева «Туған жерім» әнін нақышына келтіре орындады.

Қаланың мәдени өмірінде, әсіресе би өнерінің насихатталуында үлесі қомақты «Импульс» би тобы мың бұрала билесе, әнші қызымыз Динара Ширекбаева жетекшілік ететін «Алғабас» жастар театры қазақтың біртуар композиторы Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен сыр шертетін «Сыған серенадасын» әсерлі сахналап шықты.

Қаланың мәдени өмірінде өзіндік орындары бар әншілер Жамал Омарова, Талғат Боранов, Әшім Мұханбетәлі, Есімжан Өтепов кеш ортасынан табылып, әндерін тарту етті.

Әділет Қошахметов пен Медет Махмутовтың дуэті, сондай-ақ, жеке әншілер Мадияр Құлашев, Ыбырай Ықылас, Қанат Мақсат, Нұрахмет Қаршығанов, Халифа Төлеу сынды әншілер әр жанрдағы әндерден попурри орындады.

Бір жарым сағатқа ұласқан ән-думан кешінде марапаттау рәсімі қатар жүргізіліп отырды. Бұл салтанатты рәсімді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлбану Шахманова жүргізді. Өнер көрсеткен өнерпаздардан бөлек жиын-кештерді жүргізіп жүрген Бақытжан Жайлаубаев, Светлана Иоцус және Евгений Галиев пен Айжан Кенжебаева, «Импульс» би тобының жетекшісі Татьяна Суркова, «Алғабас» жастар театрының жетекшісі Динара Ширекбаева, үрмелі аспаптар оркестрінің жетекшісі Дмитрий Дробот, Нұржан Мельдаханов, оқушылар сарайының ұстазы Элмара Жұбаниязова мәдениет саласының дамуына қосқан үлестері үшін бөлім бастығының дипломымен және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Елбасы күніне орайластырып өткізілген ән кешінің шымылдығы Е.Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен жабылды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.