Құлтасовтар отбасындағы қуанышты шақтар

Оңтүстік Жезқазған кеніші № 25 учаскесінің бастығы Асхат Құлтасовтың отбасы жуырда зор қуанышқа кенелді. Асхаттың зайыбы, жиырма сегіз жастағы Зүлфия Құлтасова бір мезетте үш баланың анасы атанды.

Бұл отбасында жаңа туған үшемнен өзге 2 қыз бен 1 ер бала бар. Тұңғыш қыздары Інжу 6 жаста, Ерсұлтан 3 жаста, ал кішкентай Әдемі есімді қыз небары 1 жаста ғана. Енді, міне, жас отбасының шаңырағы Нұрсұлтан, Бексұлтан, Маржан атты үш нәрестенің дауысымен шаттыққа бөленді. Ер балалардың есімін нағашы әжелері Күлзия апай қойса, қыздың атын апалары қойыпты. Тегі – Байғара.

Зүлфия Құлтасова жүктіліктің алғашқы айларында-ақ ультрадыбыстық тексеру нәтижесінде үш сәбилі болатынын білген. Мезгілі жеткенше қаладағы №2 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның бақылауында болған ол, кейін перзентхана дәрігерлерінің нұсқауымен Елордамыз Астана қаласына барады. Сөйтіп, ол үшемді Республикалық «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында дүниеге әкелді. Алғашқысы Нұрсұлтанның салмағы – 3 келі 200 болса, Бексұлтанның салмағы – 2 келі 400 грамм. Ал, кенже қыздары Маржанның салмағы – 2 келі 140 грамм.

Отбасындағы бала санының көбейгеніне қуанған отағасының алдында бүгінгі күнге дейін шешімін күткен үлкен мәселе тұр еді. Ол – баспана мәселесі. Себебі, көпбалалы отбасы қазіргі таңда екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Мемлекеттің өзі ұлтымыздың санының көбеюіне аса мән беріп отырған уақытта демографияның дамуына үлестерін қосып отырған жас отбасы Асхат пен Зүлфия Құлтасовтар баспаналарын кеңейтуге байланысты жергілікті атқарушы билік өкілдерінен көмек сұраған еді.

Көп ұзамай күтпеген жерден сүйінішті хабар келіп жетті. «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі көпбалалы отбасына Сәтбаев қаласының орталығындағы Абай көшесінен төрт бөлмелі пәтерді сыйлады. Жаңа пәтердің кілтін табыстау үшін жақында Құлтасовтар отбасына «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Ғакім Ахбетов арнайы келіп, салтанатты түрде отағасы Асхатқа пәтердің кілтін ұстатты. Алты баланың анасы атанған Зүлфияға балалардың көрімдігі ретінде қомақты ақшалай сыйлығын беріп, отбасы мүшелеріне зор денсаулық тіледі. Келген қонақтардың қатарында болған Жезқазған аймағы бойынша «КәсіпҚазақмыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтанбек Мырзақоңыров та құттықтау сөз айтып, барлық кәсіподақ қызметкерлері атынан үлкен көлемдегі ақшалай сыйлығын тапсырды. Оңтүстік Жезқазған кенішінің директоры Саят Бакиров бастаған бір топ қызметкерлер де жас жұбайларды қуаныштарымен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

Құлтасовтар отбасындағы жақсы жаңалықтар осымен аяқталған жоқ. «Жезқазғантүстімет» ӨБ өкілдері құттықтаған күні Сәтбаев қаласы Әділет басқармасының да мамандары келіп, нәрестелерге ресми түрде туу туралы куәліктерін табыс етті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында туылған балаларды тіркеу рәсімін Сәтбаев қаласы Әділет басқармасының жетекші маманы Маржан Садырбаева жүргізді. Ал, Әділет басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Аккулов үшемдердің туу туралы елтаңбалы куәліктерін ата-анасына беріп, балаларға сыйлықтар табыстады.

Бұл күндері Асхат пен Зүлфия Құлтасовтардың қуанышында шек жоқ. Жан-жақтан өздеріне көрсетілген қамқорлыққа риза болып, алғыстарын осы уақытқа дейін айтуда. Жас отбасы жақын арада төрт бөлмелі пәтерге көшуді жоспарлап отыр. Енді жаңа туған сәбилер осы үйдің төрінде еркін өсіп, жетілмек.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.