Қамқор Елбасы – бақытты ұлт

Күні кеше күнтізбемізден орын алған мемлекеттік мереке Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстан мәдениеті, өнері, экономикасы, білімі мен ғылымы жағынан өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылып, Орталық Азия өңірінде, ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Әлеуметтік салада, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатта да алға қойған мақсаттарға жетті. Бүгінде Қазақстан Республикасы Еуразия кеңістігінде стратегиялық қуаты күшті, маңызы үлкен мемлекеттің бірі ретінде мойындалып отыр. Осының барлығы халқымыздың еңбексүйгіштігі мен Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің, еліміздің даму жолында атқарған ұшан-теңіз еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні – тек жеке басқа қатысты мереке емес, ол қазақ халқының егемен мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайтын, еліміздің тарихындағы орны ерекше, бүкілхалықтық мереке.

Жаңа мемлекеттік мерекені атап өтуге арналған бірқатар іс-шаралар өткен сенбіде Сәтбаев қаласында да жүзеге асты.

Кеншілер алаңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама өткізіліп, жергілікті өнерпаздар ән шырқады. Сонымен бірге, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен «Біз – жалынды жастармыз!» атты флешмоб өтті. Оған орта мектептердің жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында «Бауырсақ-шоу» фестивалі ұйымдастырылып, Кеншілер алаңында қала мектептерінің ұстаздары, №3 кәсіби лицейдің оқытушылары мен №5 «Нұрбөбек» балабақшасының тәрбиешілері мерекелік дастархан жайды. Қыстың алғашқы суық күнінде таратылған бауырсақтар мен ыстық шай денесі мұздаған тұрғындардың бойларын жылытты.

Мереке күні арқан тартыс, кір көтеру секілді спорттық жарыстармен қатар, шахмат, дойбыдан қалалық турнирлер де өтті. Барлық серуендеп жүрген жұртшылыққа «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелері «Біз – жалынды жастармыз, Елбасымен біргеміз!» деген парақшалар таратты. Осындай салтанатты іс-шаралар Даңқ алаңында да өткізілді.

Осылайша, біздің еліміз үшін жаңа мереке болып саналғанымен, әлемдік қауымдастық арасында бұрыннан бар «Президент күні» кеншілер қаласында да жоғары деңгейде сән-салтанатымен тойланды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.