Ұл келді дүниеге мерекеде

Барша халық 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін тойлап жатқанда, Сәтбаев қаласында жаңа тұрғын дүниеге келді.

Бегеновтар отбасы үшінші баласының атын ел басқарған атасы сияқты халқына адал қызмет ететін азамат болсын деген ырыммен Нұрсұлтан деп қойыпты.

Перзентхана бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Қасенованың берген мәліметі бойынша, Нұрсұлтан 21 сағат 45 минутта 3700 салмақпен, бойы 52 см болып туылыпты. Әкесі Руслан Бегенов №73 шахтада проходкашы болып еңбек етеді.

Кішкентай Нұрсұлтан мен оның анасын құттықтау үшін перзентханаға қала әкімі Батырлан Ахметов бастап, әкім орынбасары Марал Мәдиева, әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықпаева, қаланың Құрметті азаматы Мағзұм Қожахметов және «№5 отбасылық-дәрігерлік амбулатория» ЖШС директоры Айткүл Ахметова келді.

Қала басшысы сәбидің анасы Айжан Енсебаеваны қуанышымен құттықтап, Елбасының атынан гүл шоқтары мен ақшалай сыйлығын табыс етті. Ұлы мерекеде туылған ұлдың өмір жасы ұзақ болып, атына кір келтірмейтін азамат болып өсуіне біз де тілектеспіз.

М.Шахаева.

Комментарии закрыты.