Мағынасы зор кездесу

Қараша айында «Денсаулық» колледжінде «Сыр-сұхбат» жобасы іске асты. Жоба аясында айына бір рет қаламыздың Құрметті азаматтарын, қадірлі ардагерлерін қонаққа шақырып, колледж студенттерімен кездестіру жоспарлануда. Осыған орай, жақында колледжде алғашқы кездесу өтіп, оған Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Мұзараф Аханов шақырылды.

Көпті көрген Мұзараф Аханұлының кеншілер қаласының өркендеуі, жалпы еліміз үшін жасаған игі істері жетерлік. Мұзараф Аханов бастаған қала ақсақалдары қоғамдық шараларға атсалысып, жастарға үлгі-өнеге болуда.

Еліміздің саяси, мәдени өміріне, жастарға патриоттық, рухани тәрбие беруде белсенділік танытып жүрген Мұзараф Аханұлына кездесу барысында студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Басқосуда шақырылған қонақ жас ұрпаққа өзінің өмірі, балалық шағы мен қызмет еткен жылдарындағы қызықты сәттері жайлы әңгімелеп берді.

Кездесу 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылғандықтан, қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы бейнематериалдар көрсетілді. «Тәуелсіз Қазақстан – ғасырлар арманы» атты бейне-слайдта Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жүргізіп отыр-ған сарабдал саясаты жөнінде, әр түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмірі мен гүлденген Қазақстан жайлы, жалпы мемлекетіміздің тарихындағы оң өзгерістер жайында айтылды.

Осы орайда, Мұзараф аға өзінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен Кеңес Одағы кезінде жоғары партия мектебінде бірге оқыған кездері туралы айтып берді.

Студент жастар атынан Ақаш Балдырған келген қонаққа шынайы алғысын білдіріп, М.Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін арнады.

Тәлімі мен тәрбиесі мол кездесу соңында «Денсаулық» колледжінің директоры Сабира Тоқтыбаева қаламыздың Құрметті азаматы Мұзараф Ахановқа ризашылығын жеткізіп, естелікке кітаптар сыйлады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.