Жалынды жастар форумы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аясында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Менің Президентім!» атты ІІІ қалалық жастар Форумы өтті.

Форум қаламыздағы мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек ететін жас мамандардың, колледж студенттерінің, белсенді жастардың басын қосты.

Форум жұмысына қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қалалық мәслихат хатшысы Серік Имамбай және мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

«Қанатты Ұлан» әскери-патриоттық клубының мүшелері мемлекеттік Туды сахна төріне алып шыққан соң, Әнұран орындалды.

Мемлекеттік мереке аясында өткен жастар форумындағы құттықтау сөзін қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева жеткізіп, өздерінің кәсіби шеберлігі және адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген бір топ белсенді жастарды Алғыс хатпен марапаттады.

Сәтбаев қалалық «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы, «Жас Отан» Жастар қанаты ІІ съезінің делегаты Нұрлыбай Наурызбаев Елбасының жастар саясатындағы рөліне тоқтала келе, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Қаланың қоғамдық өміріне атсалысып жүрген №7 орта мектептің 9 сынып оқушысы Анар Әбдрахманова, №5 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Ахметова, №15 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлшат Ибрагим, №1 мектеп-гимназияның оқушысы Мөлдір Қасымбек, Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Нұрлан Құмарданов, №14 орта мектептің оқушысы Индира Лошкарева, С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Елисей Петухов, №3 орта мектептің мұғалімі Динара Төлебек, С.Сейфуллин атындағы гимназияның 11 сынып оқушысы Мәдина Тлегенова, мәдени-сауықтыру спорт орталығының жаттықтырушысы Батырлан Өмірзақов марапатқа ие болды.

Жұмысшы жастар атынан бір мемлекетте тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің ыстық ықыласын оқушылар сарайының іс жүргізушісі, Абай оқулары республикалық байқауының жеңімпазы Светлана Гамаюнова жеткізді.

«Елімен бірге – Елбасы», «Берік іргеміз, Елбасымен біргеміз» деп ұрандатқан жастар бір арман, бір мақсат жолында Елбасы саясатын жүзеге асыруға жұмыла атсалысатындықтарын тағы бір дәлелдеді.

Форум соңында флеш-моб ұйымдастырылып, «Жаса, Қазақстан» әні шырқалды.

Үшінші мәрте өтіп отырған форумның жоғарғы деңгейде өтуі «Жас Отан» Жастар қанаты мүшелері мен оның атқарушы хатшысы Н.Наурызбаевтың ұйымдастырушылық қабілетін тағы бір дәлелдегендей болды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.