Президент күні – елдің тойы

Еліміз тұңғыш рет Президент күнін дүрілдетіп атап өтті. Қазақстандықтар үшін бұл – маңызды оқиға. Былтырғы жылдың қоңыр күзінде, яғни ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бір топ депутаттарымыз 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде мемлекеттік мерекелер санатына қосу туралы бастама көтерген еді. Депутаттар өз ұсыныстарының мәнін Тұңғыш Президенттің сол 1 желтоқсанда сайланып, Қазақстан Республикасында президенттік институтқа қадам дәл осы күні басталғанымен түсіндірген еді. Осылайша «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға тиісті қосымша енгізіліп, 1 желтоқсан ресми негізде Тұңғыш Президент күні болып белгіленді.

Осыдан 21 жыл бұрынғы ел тарихындағы елеулі оқиға қазыналы өңір Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын да айналып өткен жоқ. Тұңғыш Президент сайлауына қанаттас жатқан қос қаланың халқы да өз дауыстарын беріп, тілектес болды. Ең бастысы, осы өңірдің ақжарқын елі өздерінің ақжарма баталарын да бергенін көзі қарақты оқырмандар әлі ұмыта қоймаса керек-ті. Бұл оқиға сонау 1991 жылдың 27 қарашасында болған еді.

1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Республикасында Қазақ ССР Президентінің сайлауы өтті. Сайлау қарсаңында ел президенттігінен бірден-бір үміткер Нұрсұлтан Назарбаев жер-жерлерде болып, сайлаушылармен кездесу өткізді. Сондай бір кездесу 1991 жылдың 27 қарашасында Жезқазған өңірінде өтті.

Өңірімізге келген қадірлі мейманды сол кездегі қала басшылары мен арнайы әзірленген өнерпаздар тобы Жезқазған әуежайынан қарсы алды. Сол топтың бел ортасында кеншілер қаласының бас ақыны, өңірімізге, елімізге есімі белгілі жыршы, термеші Шынболат Ділдебаев ағамыз да бар еді.

Елбасы мінген ұшақ Жезқазған әуежайына қонғаннан соң сәлден кейін ұшақ есігі айқара ашылып, үстінде қара пальтосы, басында құлақшыны бар Нұрсұлтан Назарбаев трапқа шықты. Жиналған жұртшылық теңіздей толқыды. Күмбірлеген күйге елдің жалынды сөздері ұштасып, әуежайды жаңғыртып тұрды. Тұңғыш Президент елдің ортасына келгенде ақ кимешекті аналар шашу шашып, ел жапа-тармағай қол созысып жатты. Осы бір аласапыран сәл саябырсыған кезде қою бұйра шашы оюлы құндыз бөркімен жымдасқан, оқалы шапаны өзіне жарасқан жырау, термеші Шынболат Ділдебаев ортаға шығып, қоңыр домбырасын қағып-қағып, жіберіп арнау-жырын төгіп-төгіп жіберді:

Хош келдің Жезқазғанның қаласына,

Сағынған Сарыарқаның даласына.

Өзіңмен бірге келген бақыт құсы

Мыс қазған кеншілердің арасына.

Ел болдық пейілі сай даласына,

Тапталмай өзгелердің таласына.

Аузыңнан шыққан әрбір асыл сөзің

Елімнің ем боп жатыр жарасына.

Басылып бара жатыр бәз біреулер,

Түскендей болып қалды сабасына.

Қаптаған Арқадағы қалың елің

Ешкімнің қалдырмайды табасына.

Алғыс пен ақ батасын ел береді

Халқымның ардақ тұтқан баласына.

Айтатын ел атынан аманатым,

Күні бол көгінен нұр ала алатын.

Қазақтың маңдайдағы бір ұлы едің,

Қараңғы, қиыннан жол таба алатын.

Артыңда қара ормандай халқыңыз бар,

Бел буып қайда болсын бара алатын.

«Мың өліп, мың тірілген» ел едік қой

Тағдырдың тартқан талай ғаламатын.

Арманың Абылайдай биік болса

Тарихты таңдандырып қалар атың.

Теміртау құрышына қайнап піскен,

Тілейміз Нұрсұлтанның саламатын.

Халқыңның болашағы өз қолыңда,

Атадан артып туған азаматым, – дегенде Елбасы да шыдап тұра алмаса керек:

–Паһ, шіркін! – деп жымиған күйі микрофонға таянып.

–Осындай қиын-қыстау шақта бірлік танытып, ыстық ықылас білдіріп жатқандарыңызға рахмет. Барлықтарыңыздың отбастарыңызға амандық-саулық, халқымызға бірлік тілеймін! – деді тебіреніп.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.