Ұлтын ұлы мұратқа жетелеген

Өткен жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында елімізде алғаш рет аталып өткен 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиынға қала әкімі Батырлан Ахметов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің әлеуметтік нысандарды бақылау бөлімінің бастығы Тоғызбай Тәжбенов, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қаланың Құрметті азаматтары мен соғыс және еңбек ардагерлері, жалпы жұртшылық қатысты.

Жиын басталардан бұрын  көпшілік назарына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолынан сыр шерткен деректі фильм ұсынылды. Елбасының құрметіне арналған салтанаттың шымылдығын «Кеншілер сазы» ұлттық аспаптар оркестрі «Бақтыбайдың әуені», «Ата толғауы» күйлерімен ашты.

Салтанатты жиында қала әкімі Б.Ахметов құттықтауын жеткізіп, Президенттің 2012 жылғы 14 тамыздағы Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштерінің запастағы полковнигі, «Қанатты Ұлан» патриоттық клубының жетекшісі Темірбек Сүлейменовті «Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Ауған соғысының ардагері, Сәтбаев қаласы Ауған соғысы ардагерлері Кеңесінің төрағасы Сайлау Қайранбековке жас ұрпақтың патриоттық-әскери  тұрғыдан дамып-жетілуі жолындағы еңбегі үшін халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы  орденді кеудесіне тақты. Қала басшысының қолынан Александр Гунько, Салават Лукманов, Хайдар Мухаметгалиев, Қуанышбек Таласбаев, Хайрулла Өтемісов, Джамиль Хайрутдинов, Исмагил Ялмурзин «Ауған соғысының ардагері» және «Отан Қорғаушы» Құрмет белгілерін алды.

Сондай-ақ, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен №3 кәсіптік лицей мұғалімі Нәзипа Ахметбекова, Ы. Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәуренбек Бұланбаев, жеке кәсіпкер Лариса Гелисханова, «Сарыарқа Нан» ЖШС директорының орынбасары Ерболат Есекенов, әкім аппараты ақпараттық технология және стандарт бөлімінің бас маманы Аслан Мәсенов, сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорны директорының орынбасары Гүлсім Мендішева, қалалық емхананың дәрігері Қалибек Сембеков және ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Медет Сұрауханов пен «Тазалық 2020» ЖШС дендрологі Нұрсолтан Тенс марапатталды.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығының мерекелік құттықтауын Т.Тәжбенов жеткізді. Аға буын өкілдері атынан Елбасы жайында өзінің ыстық лебізін тау-кен өндірісінің ардагері, жергілікті ақын, қаламыздың Құрметті азаматы Мұса Тілеуов жеткізіп, арнау өлеңін оқыса, қала жастарының атынан «Жас Отан» Жастар қанаты ІІ съезінің делегаты Ербол Кеңбейілов Елбасының жастарға деген қамқорлығына ризашылығын білдірді.

Ұлтының ұлы мұраты жолында аянбай тер төгіп, қазақты әлемге танытқан ұлы тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құметіне арналған жиынды жергілікті өнерпаздар ән-күймен әспеттеп, бимен көмкерді.

Салтанатты кеш Е.Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен шарықтау шегіне жетті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.