Ұлт рухының биік белесі

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп Г.Колбиннің жасырын және халықты қорлайтындай түрде тағайындалуы жастар қозғалысына тікелей түрткі болды. Бұл республика халқының өмірлік мүдделеріне байланысты мәселелерді олардың пікірімен, көзқарасымен санаспай, қайта құру жария еткен демократиялық қағидаларға қайшы, біржақты әміршіл әдіспен жүзеге асыруының дәстүрлі айқын көрінісі еді.

Республика халқын қорлайтын мұндай шешімге жұмысшы жастар мен студенттер наразылық білдірді. Наразылық бейбіт және саяси сипатта болды. Онда мемлекеттік құрылысты құлатуға, ұлт араздығын қоздыруға байланысты ұрандар айтылған жоқ. Жиналған жастар заңдарды және қоғамдық тәртіпті бұзбаған, олар тек Орталық Партия Комитеті пленумының асығыс шешімі жөнінде түсінік берілуін талап етіп, мұндай шешіммен өздерінің келіспейтінін білдірді. Бірақ республика басшылығы жастармен тең құқылық келіссөз бастағысы, олардың пікірін тыңдағысы келмеді. Саяси, бейбіт шеруді – билікті қорлау, өздеріне төнген қауіп деп санап, оларға қарсы күш қолданумен жауап берді, тіпті бой көтерулерді тұрақты армия бөлімдерін қолдана отырып басып-жаншу туралы шешім қабылдады. Сол кездегі жасырын ақпараттарға қарағанда, Г.Колбин бастаған республика басшылығының үсті-үстіне өтініш жасап, Орталықтың ішкі әскерлерінің арнаулы бөлімдерін Алматыға жеткізді. Бейбіт және аз адам қатысқан наразылық осыған байланысты жаппай бас көтеруге ұласты.

Республика басшылығының саяси дәрменсіздігі, олардың сын жағдайдан шығудың бейбіт жолын қарастырмауы, тіпті бұған ұмтылмауының өзі, олардың ақыл-парасат пен ізгі ниетке емес, қайта қарулы күшке сүйенуі, жаппай наразылықтың бой көтеруіне, өршуіне тікелей себеп болды. Наразылық білдірушілер мен қарулы күштердің арасында қақтығыс болды, нәтижесінде, кісі өлімі, денеге жарақат келтіру, автокөліктерді өртеу, үйлерді зақымдау оқиғалары орын алды. Наразылықты басып-жаншуға байланысты құқық қорғау органдары заңдылықты өрескел бұзып, ұсталғандарды ұрып-соқты, жеңіл-желпі киінген адамдарды көлікке тиеп, қала сыртына апарып тастады, прокурордың санкциясынсыз ұсталғандарды тергеу изоляторы мен уақытша ұстау орындарында көбіне тамақ берместен, бірнеше тәулік бойы ұстады.

Алматы қаласында 1986 жылы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1986 жылы 19 желтоқсанда өткен бюро мәжілісінде талқыланып, СОКП Орталық Комитетінің 1986 жылғы 18 желтоқсандағы Алматыдағы оқиғаға байланысты қабылданған қаулысын толық қолдайтынын және оны жүзеге асыруға бағытталған шаралардың іс-жоспарын бекітті, жергілікті партия, кеңес алқаларына еңбекші жастар, студенттер арасындағы ұлтшылдық көріністермен күрес жүргізу, ұлтшылдықтың кез келген көріністерінен оларды оқшаулау мәселелеріне ерекше мән берілді (хаттама №18).

Орталық Партия Комитетінің бюро мәжілісіне қатысқандардың барлығы бірауыздан қабылданған 16 түрлі іс-шара жөнінде дауыс берді. Осы мәселеге арналған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мәжілісінің отырысы 1986 жылдың 23 желтоқсанында тағы да екінші рет болды (хаттама №19). Осыдан кейін Орталық партия органдарының нұсқауларына сәйкес, Қазақстан аумағында желтоқсан оқиғасына қатысушыларды жазалау, қудалау үрдістері жаппай жүзеге асырылды. Оқиғаға қатысушыларға қылмыстық істер қозғалды, олар бойынша тергеу қысқа мерзімде үстірт және айқын айыптау бейімділігімен жүзеге асырылды. Түрлі деңгейдегі органдар істі асығыс қарап, әділетсіз үкімдер шығарды. Тергеу, прокуратура, сот органдары әміршіл-әкімшіл жүйенің тікелей құралына айналды. Заңсыздықтарға тікелей жол берді. Желтоқсан оқиғасына байланысты мыңдаған адамдардың заңсыз ұсталуына, наразылық кезінде оларға қарсы саперлік құралдар мен қызмет иттерінің қолданылуына жол берілді. Желтоқсан оқиғасына байланысты қаншама азаматтар қызметтен, партиялық мүшеліктен, оқу орындарынан заңсыз шығарылды. Баспасөз құралдарының негізгі ұраны – қазақ ұлтшылдығын сынау, белгілі мемлекет, қоғам, ғылым қайраткерлерінің теріс іс-әрекеттерін жариялауға ұласты.

Желтоқсандағы қайғылы оқиғаға әміршіл-әкімшіл жүйенің кінәлі екені сол кездің өзінде-ақ айтыла бастады. Бұл жайында Мұхтар Шаханов 1989 жылғы 6 маусымда өткен КСРО халық депутаттары съезі мінбесіне шығып, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда болған желтоқсан оқиғасының мұның алдында орын алған Грузиядағы оқиғадан да едәуір қауіпті сипат алғанын, бейбіт шеруге шыққандарға қарсы сапер күректерін, қызмет иттерін қолданғанын, жас қыздарды дубинкамен сабап, етіктерімен тепкілегенінен, бұл наразылықтың ешқандай ұлтшылдық астары болмағанын айтып, осы оқиғаға байланысты ақиқатты анықтау үшін халық депутаттарынан комиссия құруды батыл түрде ұсынды. Алайда, Мұхтар Шахановтың сөйлеген тұжырымдарын теріске шығаруға тырысқандар да болды. «Литературная газетаның» 20 желтоқсан 1989 жылғы №51 санында осы мәселеге арналған дерексіз мақала да жарық көрді.

Әйтсе де, сол кездегі Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен, ұсынысымен СОКП Орталық Комитетінің Қаулысындағы қазақ ұлтшылдары деген айыптау алынып тасталды. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссияның тұжырымдары мен ұсыныстары Жоғарғы Совет Президиумының мәжілісінде қаралып, баспасөзде жарияланды.

Жалпы, Желтоқсан оқиғасы бойынша кезінде республикада 707 адам әкімшілік қамауға алынған, партия қатарынан 57 адам аластатылған, 210 адам партиялық жазалауға іліккен, комсомолдан 758 адам, жоғары және орта оқу орындарынан 266 студент шығарылып, 1164 жастар комсомолдық жазаға тартылған. Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарын жоғары оқу орындарына қабылдау да қиындай түсті. Мысалы, 1985 жылғы Қарағандыдағы жоғарғы милиция мектебі абитуриенттерінің 61 пайызы қазақтар болса, келесі 1986 жылы оның саны 27,5 пайызға дейін кеміген. Қазақ жастарын ішкі істер органына қабылдау күрт азайған. Тіпті, Шымкентте облыстық ішкі істер басқармасы алдында «Қазақтарды ішкі істер органына қабылдамаймыз» деген жарнама ашық жазылып қойылды. 1987 жылы 90 мыңнан астам қазақ жастары елден кетіп, басқа республикаларда жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Желтоқсан оқиғасына байланысты материалдар Конституциялық Соттың өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуына байланысты түпкілікті қаралмай, оған тікелей кінәлі адамдардың теріс іс-әрекеттеріне баға берілмей қалды, орын алған заңсыздыққа тиісінше баға берілмеді. Осы оқиғаға байланысты жинақталған он бір томдық іс-материалдарда неше түрлі сұмдық заңсыздықтар туралы фактілер, басшылықтың қиянаты, жәбірленген қазақ жастарының адамгершілігі мен ар-намысының қорлануы, аяққа тапталуы толық көрініс тапқан-ды. Бірақ, соның бәрінен де біз үшін құндысы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларының ұлттық, азаматтық рухының өлшеусіз биіктігі еді…

Ғаламтор материалдары негізінде әзірлеген Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.