Жарасы әлі жазылған жоқ

Дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген 86-жылдың желтоқсаны – жалынды жастарымыздың рухы алаулаған күн! Азаттық үшін алысып, намыс үшін шабысып, басты бәйгеге тіккен күн! Сондықтан да бұл күн ешқашан ұмытылмақ емес. Жарқын болашақтың беташары болған Желтоқсан – еліміз бен жеріміз үшін, ұлтымыз бен ұлысымыз үшін маңызы зор тарихи белес.

Кенже Кенжина, желтоқсан оқиғасының куәгері:

– Одан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Бірақ, сол күн дәл бүгінгідей көз алдымда. Жыл сайын желтоқсан айы басталғанда бойымды үрей билейді. Көз алдыма сол ызғарлы желтоқсанның сүреңсіз күндері оралады.

Ол кезде мен Алматыда теміржол институтында оқитынмын. Сол жылғы желтоқсан айы да осы күнгідей ызғарлы, суық болатын. Салқын тигізіп алсам керек, дәрігерлер ауруханаға жатқызып қойды. Түн ішінде қолқаны қабатын жаман иістен оянып кеттік. Институттың ауруханасы Абай көшесі мен Масанчи көшесінің қиылысында болатын. Иіс бөлмені жайлап кеткен соң желдеткішті аштық. Сонда барып даладағы айқай-шу құлаққа келді. Терезеден қарап едік, көше кұжынаған халық. Милицияның, өрт сөндірушілердің көліктері мен жедел жәрдем тұр. Не болғанын түсінбедік. Сәлден кейін аурухананың іші абыр-сабыр болып кетті. Дәрігерлер бізден үйге қайтуымызды сұрады. Мұнда жаралы әскерилер келетінін айтты.

Артынан білгеніміз, Дінмұхамед Қонаевтың орнына Колбин деген біреуді әкеліп қойғанға наразылық білдірген студент-жастар алаңға шыққан екен. Билік сол бейбіт шеруді әскери күшпен басып жаншымақ болып жатыр. Бұл сорақының басы ғана еді. Жауыздықтың үлкені ертеңінде басталды. Ауруханадан шыққан соң мен де құрбыларыммен бірге көшеге шықтым. Көше иін тірескен халық. Бастарына дулыға, қолдарына шоқпар, қарларына қалқан ілген жасақ жастарды алаңға жібермей тұр. Онда Олжас Сүлейменов бастаған біраз белгілі тұлғалар сөз сөйлеп жатыр. Олардың дауысы бізге бір жетіп, бір жетпейді.

Орталық алаңға келсек, мұздай қаруланған милициялар жігіттерді ұрып-соғып, қыздарды шашынан сүйреп алаңнан қуып жүр екен. Біз жақындай бергенде нан таситын машина жарылып, тіптен зәремезді алды. Абыр-сабыр басылсын деп 15 күндей қорқып сабаққа бармадым. Бір күні деканатқа шақыртты. Келсем қызыл бұрышта жиналыс жүріп жатыр екен. Жиналысқа Олжас Сүлейменов, Роза Бағыланова келіпті. Олжас сөйлеп кетсе керек, студенттер алдында Роза апамыз көсіліп тұр екен. «Сендер әлі жассыңдар. Саясаттан көрі сабаққа назар аударыңдар. Елге тыныштық қажет. Біз соғысты көрген жанбыз. Оның зардабы әлі басылған жоқ. Енді сондай соғыс болмасын десеңдер сабырға келіңдер. Келешектеріңді ойлаңдар» деп сөзін аяқтады.

Жиналыстан соң біздің бәрімізді тікемізден де қапталымыздан да суретке түсіріп алды. Оның мәнісін кейін білдік. Біздің әлгі суретімізбен бейнетаспадағы суреттерді салыстырып, шеруге қатысқандарды жазаламақ екен. Талай жастар соның кесірінен оқудан қуылды.

Жазып алған Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.