Жол-көлік оқиғаларына жол бермейік

Желтоқсан айының 5-15 күндері аралығында Қарағанды блысы бойынша «Автобус» атты жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Аталмыш шараның мақсаты жолаушылар тасымалдайтын көлік құралдарында апаттық жағдайлардың алдын алу және олардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау болып табылады.

Сәтбаев қалалық жол полициясы бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы, полиция аға лейтенанты Самат Ақшаловтың айтуынша, акция барысында қоғамдық көліктердің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін сақтауына, көлік құралдарының құрылымы мен техникалық жағдайы нормативті талаптарға сай келуіне, көліктердің қайта жабдықталуының заңдылығына, тұрақты бағытта жолаушы тасымалдауды жүзеге асыратын рұқсат болуына да баса назар аударылуда.

Жедел шара аясында Сәтбаев қаласы ішкі істер бөлімі жол полициясы қызметкерлерімен 30 автобус жүргізушісінің  жолаушылар тасымалдау тәртібін бұзғандығы анықталды. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жолаушы тасымалдайтын көлік құралдарының иелеріне ҚР ӘТК баптары бойынша әкімшілік айыппұл салынып, хаттама толтырылды. Сонымен қатар, жол ережесін бұзған 40 жеңіл автокөлік жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде мас күйінде көлік айдағандары – 6.

Жолды қысқартпақ ниетпен белгіленбеген жерден өткен 7 жаяу жүргіншіге де хаттама толтырылып, 8090 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жол полициясы қызметкерлері жолаушылар тасымалдау көліктерінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын және қоғамдық көліктерге қатысты бақылауды әлі де жалғастыруда.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.