«Қоғамға пайдамды тигізсем», – дейді Тәуелсіздік құрдасы

Тәуелсіздік күні туғанда дүние есігін ашқан ұл-қыздар бүгінде егемендіктің арқасында білім алып, ел игілігі жолында еңбек етуде. Соның бірі – Тәуелсіздіктің құрдасы Нышанкүл Топшақ.

1991 жылдың 1 желтоқсанында Елбасы Н.Ә.Назарбаевты Президенттікке сайлап жатқанда Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында дүние есігін ашқан Нышанкүл бесінші сыныпқа дейін туған жерінде білім алып, кейін кенді өлкеге анасымен қоныс аударады. Тоғызыншы сыныпқа дейін қаламыздағы №7 орта мектепте оқып, тәмамдайды. Кәсіптік білім игеру мақсатында Нышанкүл Жезқазған қаласындағы №6 кәсіптік лицейде кондитер-аспазшы мамандығын игеріп шығады. Қазір «Денсаулық» колледжінің студенті.

– Лицейді тәмамдаған соң, «Жомарт» кенішінде бір жарым жылдай аспазшы болып істедім. Анам Гүлзира әрқашан айтып отырады «Қызым, білім ал, мамандық игер. Қанша диплом алсаң да аздық етпейді» деп. Анамның осы ақылын есте сақтап, «Денсаулық» колледжіне ашылған бетте құжат тапсырдым. Қазір осы колледжде фельдшер мамандығына оқимын. Елбасы жастардан тың идея, тың бастама күтеді ғой. Мен осы оқуымды ойдағыдай бітіріп, мамандығым бойынша академияға түсіп, білімімді жетілдірсем деп алдыма мақсат қойып отырмын. Қазір кәсіпкерлердің көбісі мейрамхана, дүкен ашуға дайын тұрады. Егер де ақшасы болса елімізде жетіспей жатқан балабақшаның, денсаулық сақтау нысандарының бой көтеруіне неге көмек қолын созбасқа? Менің арманым мүмкіндік болып жатса халық игілігіне қызмет ететін емхана ашу, – дейді Тәуелсіздіктің құрдасы.

– Нышанкүл еңбекқорлығымен, өзіне жүктеген міндетті әрқашан тиянақты атқаруымен ерекшеленеді. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде қоғамдық іс-шаралардан қалмай, белсене атсалысатын. Қазақы тәрбиеде өскен ол үлкеннің айтқан сөзін екі етпей орындайды. Тиянақтылықты, жауапкершілікті басты қағидасына айналдырған. Өзінің тобында топбасшы. Топтың барлық іс-шараларына ұқыптылықпен қарайды. Мен Нышанкүлдің осы мінезіне, қасиеттеріне қарап келешегінен мол үміт күттіретін маман болатынына сенемін, – дейді мектеп қабырғасында биология пәнінен сабақ берген бүгінде колледж мұғалімі Гауһар Қуанбекова.

Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп өсіп келе жатқан, ертеңгі ел болашағының алтын діңгегі – Нышанкүлдей жастар. Үміттерін үкілеп, қайтсек еліміздің дамуына өз үлесімізді қосамыз деп, тың бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап жүрген жастардың қатары көп болғай.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.