«Үшке де күш керек» – дейді Таңшолпан

Желтоқсан айының 5 мен 8 аралығында Жезқазған қаласындағы «Ұлытау» спорт сарайында бокстан 1997-98 жылдар аралығында туылған қыздар арасында Республикалық турнир өтті.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 90 жылдығына арналған жарысқа Ақмола, Жамбыл, Қарағанды облыстарының қалаларынан, Жәйрем, Жаңаарқа аудандарынан 46 мен 80 келі салмақ аралығындағы 100-ден аса боксшы қыздарымыз қатысты.

Бұл жарысқа Жезқазған кентіндегі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері – 46 келі салмақ дәрежесіндегі Мәдина Болатбекова мен Таңшолпан Аманбалаева қатысып, бақ сынасты. Қыздар арасында бірінші рет өткізіліп отырған додада Таңшолпан қызымыз ІІІ-ші орынға қол жеткізді. Екі боксшымыз да №2 орта мектептің оқушылары. Оларды жаттықтырып жүрген бапкер – Сұлтан Жұмабек.

Жезқазған қаласы білім, денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған турнирде жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығы да грамотамен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, «Үздік әдіс-тәсілді боксшы», «Жеңіске деген жігерін көрсеткен боксшы» номинациялары бойынша боксшылар, ал «Үздік төреші» атты номинация бойынша төрешілер анықталып, Жезқазған Спорт сауықтыру кешені атынан марапаттарға ие болды.

Соңғы уақытта біздің спортшыларымыз әр түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, барлығынан да жүлделі орындармен оралып жүр.

Салауатты өмір салтын насихаттап, қаламыздың мәртебесін көтеріп жүрген ұл-қыздарымыздың жолдары бола берсін. Ал, жасөспірімдердің спортқа деген ынтасын арттырып, шеберліктерін шыңдап жүрген бапкер-жаттықтырушыларға «мың да бір рахмет» дейміз.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.