Қауіпті дерт

Қазіргі күні әлемді мазалап отырған суицид – қауіпті дертке айналуда. Өмірдегі қиындыққа тойтарыс бере алмай, өз тағдырына балта шабушылардың қатарында жасөспірімдердің жиілеп кетуі біздің қоғамды да алаңдатуда.

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы еліміз бойынша азаймай тұр. Оның ішінде Қарағанды облысы бойынша қанаттас жатқан қос қала – Жезқазған мен Сәтбаевта бұл ауыр жағдайға ұшырағандардың қатары өсе түсуде.

Жақында «Денсаулық» колледжінде осы өзекті мәселе бойынша «Суицид – қатерлі дерт» тақырыбында мамандармен кездесу өтті.

Студенттерге ақыл-кеңес беруге Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы Хамит Мырзагелдиев, шіркеуден Евгений әкей мен жүйке аурулары диспансерінің психологы Анжелика Ахметова арнайы келді.

Тақырыпқа байланысты лекция оқыған А.Ахметова: – Көбіне бұл жағдайға өмірде кездесетін қиындықтарға шыдай алмай, басына қиын іс түскен жандар барады. Әсіресе, бұл жағдайға басына түскен істі ата-аналарына жеткізе алмай, өмірін біттіге балап қоятын жасөспірімдер барып жатыр. Егер де достарың, үйлеріңдегі іні-қарындастарың кенет томаға тұйық болып, ашып әңгіме айтпаса бірден психолог мамандардың кеңесіне жүгіну керек. Біздің диспансерде арнайы бөлме жұмыс істеуде. Мамандар әрқашан көмек беруге дайын. Дертті дер кезінде ауыздықтамаса, орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Көп жағдайда бізге анық ақпарат жетпей жатады, – деді.

Кездесуде сондай-ақ, наиб имам мен Евгений әкей қай дінде болмасын өзіне-өзі қол жұмсау ауыр күнә екендігін ескертіп, жаратушы иеміз берген өмірдің қиыншылығына мойымай, бірлікте, ынтымақта ғұмыр кешуге шақырды.

Келген қонақтарға жастар сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алып тарқасты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.