Жәрдемақылар тағайындау

Мемлекеттік қызметті жүзеге асыру тәртібін нормативтік-құқықтық реттеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі №394 қаулысымен бекітілген «18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау» мемлекеттік қызмет Стандартымен (бұдан әрі – Стандарт) белгіленген.

Мемлекеттік қызмет халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы көрсетіледі. ХҚКО қызметкері құжаттардың көшірмелері мен түпнұсқаларын тексереді, салыстырып, тексеріп болғаннан кейін құжаттардың түпнұсқаларын өтінушіге қайтарады.

ХҚКО қызметкері өтінушіге сұраудың нөмірі және қабылдаған күні; сұралып отырған мемлекеттік қызметтің түрі; қоса тіркелген құжаттардың саны мен атаулары; құжаттарды беру күні (уақыты) мен орны және құжаттарды ресімдеуге өтінішті қабылдаған орталық инспекторының тегі, аты, әкесінің аты көрсетілген құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат береді.

Мемлекеттік қызмет алу үшін 18 жасқа дейінгі балалары бар өтінушілер келесі құжаттарды ұсынады:

балаларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау туралы өтініш және оның көшірмесі; балалардың туу туралы куәліктері және оның көшірмелері; сонымен қатар мына құжаттардың бірі: Қазақстан Республикасының азаматы төлқұжаты, жеке куәлік, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органдары берген оралман куәлігі; Қазақстан Республикасының азаматы төлқұжатының көшірмесі, жеке куәліктің көшірмесі, оралман куәлігінің көшірмесі; азаматтарды тіркеу кітабы, мекенжай бюросының анықтамасы, селолық округ әкімінің анықтамасы және оның көшірмесі; азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі, мекенжай бюросы анықтамасының көшірмесі, отбасы құрамы туралы мәлімет және оның көшірмесі; отбасы мүшелерінің кірістері туралы мәлімет және оның көшірмесі.

Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өтінуші қажетті құжаттарды уәкілетті органға немесе ХҚКО-ға тапсырған сәттен бастап – он жұмыс күнінен аспайды.

Уәкілетті орган қызметкері құжаттарды өңдейді, қорытынды құжаттар әзірлейді және оларды ХҚКО-ға жібереді. Қорытынды құжаттарды өтінушіге беруді ХҚКО қызметкері қолхат негізінде онда көрсетілген мерзімде «терезелер» арқылы жүзеге асырады.

А. Рахметалла, ХҚКО РМК Сәтбаев қаласындағы бөлім инспекторы.

Комментарии закрыты.