Жаңа жобаны жақтаушы

«Қазақмыс» корпорациясында өндірісте техника қауіпсіздігін сақтау мақсатында жаңа «Өмір» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобаның насихаттап, еңбек адамдарының ортасында оның артықшылығын, тиімділігін іс жүзінде еңбекпен ұштастыра отырып, өзгелерге үлгі-өнеге етіп жүрген жанның бірі – Елена Шальнова екен. Ол туралы өндіріс басшылары да, кеншілер мен металлургтер де әркез орынды айтып, лайықты мақтан етіп келеді.

Бұл ретте Шығыс Жезқазған кенішіндегі «Өмір» жобасын жүзеге асыру бойынша кеңесші болып еңбек етіп жүрген Гүлшат Естаева: – Елена бізге бұл жобаның артықшылығы жайлы тек жалаң сөзбен емес, нақты іспен, тәжірибемен дәлелді түрде түсіндіріп келеді. Оның бастамасымен жобаның негізгі бес шарты барлық өндіріс учаскелерінде еңбек ететін әр адамға жеке-жеке әңгімелесу түрінде де, жұмыс барысында да нақтылануда. Соның нәтижесі шығар, бұрынғы жылдарға қарағанда өндірісте оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайларға орын берілмеуде, – десе, Гүлшаттың сөзін басқа да әріптестері қоштады. Энегетика басқармасындағы аталған жобаның жетекшілерінің бірі Талғат Шегебаев:

– Елена негізгі мамандығы журналист болғаннан кейін бе, сөйлескен адамын өзіне баурап алады. «Өмір» жобасы туралы айтқанда әр сөзі сенімді, тыңдаған жанды тыңайтып тастайды, – деген еді.

Шыны керек, Елена Иванқызының іскерлігі, ұйымдастырушылығы жайлы қашан да болсын жақсы сөзді естуге болады. Мамандығы жөнінде журналшы екені де рас. Алғашқыда өнер саласын таңдаған Елена кейін журналшылықты қалады. Жоғары оқу орнын бітіріп, маман-журналшы атанды. Жезқазған қаласында екі тілде шығатын «Асу-рио» газетін басқарды. Кейін қалалық «Жезказганская газета» редакциясының ресми тілмен қоса мемлекеттік тілді қатар жарияланатын басылымға айналуына қол жеткізді. Бұл ретте негізгі оқырмандары ресми тілдегілер болғанымен де мемлекеттік тілдің өріс алуына алғашқылардың бірі болып қолдау танытқан осы біздің Елена деп айта аламыз. Сол кездерде ресми тілді жақтаушылар арасында: – мемлекеттік тілдегі материалдар көбейіп кетті. «Алдағы уақытта жазылмаймыз», – деп бас редактор Еленаға наз айтып келгендерге ол:

– Құрметті оқырмандарым, біздің Отанымыз – Қазақстан! Мемлекеттің тілін білу, оны құрметтеу біздің әрқайсымыздың борышымыз. Мемлекеттік тіл дегеніміз – Отанның тілі. Ендеше, басқаша болуы мүмкін емес. Қайта ресми тілмен қоса мемлекеттік тілді де оқып, түсінгендеріңізді қалаймын – деп ойын бүкпесіз айтқаны қала ішінде кәдімгідей әңгімеге өзек болғаны бар.

Мемлекеттік тілді қолдайтын басқа ұлттың осындай азаматтары бар болғанына ішіміз жылып қалған. Бұл да болса «туған жерім – Қазақстан», «Отаным менің – Қазақстан» деп жүрген ақжүрек жанның жарқын бейнесін бұрынғыдан да ажарландыра түскендей еді. Сөзі мен ісінде алшақтығы жоқ Елена уәдеге берік, ісіне тиянақты жан. Кемшілікке төзбейтін, озбырлықты ауыздықтауға ұмтылатын отты мінезі де оның өзіне жарасады. Іске алғыр адам қай ортаға болса да керек. Атағы алысқа кеткен «Қазақмыс» сияқты алпауыт кәсіпорын басшылары Еленаны өздеріне қызметке шақырды. Алғашқыда кәсіпорынның баспасөз орталығында еңбек етті. Іскер, жігерлі жанды жаңа басталған «Өмір» жобасын насихаттауға, оны өндіріске орнықтыруға осындай өткір маман керек деген шығар, жаңа жоба іске алынған бетте Еленаны техника қаіпсіздігін сақтау басқармасының насихат тобына шақырды. Жауапкершілігі жоғары жаңа жобаны жүзеге асыруға ол әдеттегісінше бар ықыласымен, ынта жігерімен кірісіп кетті. Қазір осы жаңа жоба жайлы корпорацияда еңбек ететін әр адам кідіріссіз айтып бере алады. Тіпті, оның артықшылығы жайлы әңгіме қозғағанда олардың әрқайсын да тыңдай бергің келеді. Сондайда оларға жаңа жоба жайлы айтып, түсіндіріп, оның маңызына мән беріп, насихаттап жүрген Еленаның еңбегі өлшеусіз екен деген ойға да келесіз. Әрине, «бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген емес пе?! Жаңа жобаның басы-қасында осындай жанашыр жанның жүргені өндіріске өң беріп, табысты тасқындатып, қауіп-қатердің алдын алуда оң нәтижелерге жол ашары сөзсіз. Лайым, осындай жандар арамызда көп болса екен дейсіз.

Батырбек Мырзабеков.

Комментарии закрыты.