Елбасы кітаптары шеруі

Весовая елді мекеніндегі №10 орта мектебінде Тұңғыш Президент күніне арналған Нұрсұлтан Назарбаев кітаптарының шеруі өтті. Елбасының өмірі мен қызмет жолдарын, кітаптарын насихаттау арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, қазақстандық патриотизмге, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан іс-шара екі бөлімнен тұрды.

Бірінші бөлімде жүргізуші Елбасының өмірге келуі жайлы мағлұмат берсе, тарих пәнінің мұғалімі Жұмаділдаева мен 6 сынып оқушысы Тұрсын Әділет бала Сұлтанның түс көруі жайлы көрініс қойды. Сұлтан түсінде бір қап тұзды Алакелді жотасына көтеріп шыққаны жайлы, ауылдың да, мектептің де, үйлердің де өте төменде қалғаны жайлы айтады да, анасы ол түсін жақсылыққа жорып, «мәртебең, дәрежең жоғары болады екен, өрең кең, несібең мол, үлкен азамат боласың, бағың ашылсын» деп батасын береді. Ал, 4 сынып оқушыларынан құралған үгіт тобы Елбасының өмір жолдары, қызметтері, отбасы, құрметті атақтары, мемлекеттік марапаттары, кітаптары жайлы толық мағлұмат беріп, Алтау Нұралының орындауындағы «Елбасы – Нұрсұлтан» әнімен қорытынды жасады.

Екінші бөлім Елбасының кітаптарына арналды. 5 сынып оқушылары «Абай туралы сөз» кітабы жайлы айтты. Кітап үш тілде болғандықтан, оқушылар да үш тілде кітаптың мазмұнын ашып, кітапқа насихат жасады.

6 сынып оқушылары «Еуразия жүрегінде» кітабының мазмұнын ашып, көрнекілік пайдалану, Астана жайлы өлеңдер, әндер айту арқылы кітапты насихаттаса, 7 сынып оқушылары Елбасының «Тарих толқынында» кітабына жарнама жасады. 8 сынып оқушыларының таңдауы «Сындарлы он жыл» кітабына түсіпті. Олар да кітаптың бес бөліміне жеке-жеке тоқталып, терроризм, діни экстремизм, нашақорлық, бейбітшілік жайлы автордың сөзіне тоқтала келе, қорытындыға өз ойларын қосу арқылы насихат жүргізсе, 9 сынып үгітшілері Елбасының «Ғасырлар тоғысында» кітабының үш бөліміне тоқталып, кітаптың мазмұнын ашып көрсетті. Кітаптар шеруін жүргізуші «Кітап – ең сабырлы ұстаз» атты кітап көрмесімен таныстырды.

Кемеңгер көшбасшыға арналған іс-шаралар мектебімізде әлі де жалғасын тауып жатыр.

Айнагүл Шахманова, кітапханашы.

Комментарии закрыты.