Қоныс тойын тойлады

Тәуелсіздіктің 21 жылдық мерейлі мерекесінде жүзден аса сәтбаевтық азамат жаңа пәтердің кілтіне ие болды. Өткен сенбі күні қалалық әкімдікте тұрғындарға Шаталюк көшесі бойынан 48 пәтерлік және Наурыз көшесі бойында орналасқан 35 пәтерлік үйдің кілтін тапсыру салтанаты өтті.

Қала әкімі Батырлан Ахметов жиналған көпшілікті ұлық мерекемен құттықтап, азаматтарға пәтерлерінің кілтін табыстады.

«Жұмыспен қамту -2020» және «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламалары бойынша бой көтерген үйлердің құрылыс жұмыстарында «Сектор Строй» және «Arlan kz» ЖШС-і құрылысшыларының еңбегі жатыр.

Салтанатты рәсім барысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша салынған 48 пәтерлік үйден қоныс тепкен Руслан Гамаюнов, «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасының шапағатын көрген Төлеутай Мұстафина, Әсем Бекетова, Күләш Салқаева сынды апаларымыз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осындай қамқорлығына алғыстарын білдіріп, қазақтың салтымен тойға арнап шашу шашты.

Жиыннан соң қала әкімі бастаған топ әуелі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында бой көтерген Шаталюк көшесі бойындағы 48 пәтерлік үйдің тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, лентасын қиды. Осы үйдің құрылысын жүргізген «Сектор Строй» ЖШС директоры Бақытжан Дауыпбаев, қала әкімінің орынбасарлары мерекеде баспаналы болған азаматтардың үйлеріне бас сұғып, қоныс құтты болсын деген тілектерін жеткізді.

Осында қоныстанғандардың бірі – Сәтбаев ауылынан көшіп келген жас маман Бекайдар Есенқұлов (суретте): – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл бағдарламаның халық игілігіне берері мол. Экономикалық өсімі жоқ ауылдардағы азаматтарды қалаға қоныстандырып, жұмысқа орналастырумен қатар, пәтер беру Елбасының халыққа деген қамқорлығының дәлелі. Міне, өзім осы бағдарламаның нәтижесінде жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына жұмысқа орналасып, бүгін еліміздің ұлы мерекесінде баспаналы болып отырмын. Жергілікті әкімдіктің сенімін ақтап, жұмыс істеймін. Қуанышымда шек жоқ. Алғысым да шексіз, – дейді.

Бағдарламаның шеңберінде баспаналы болған алты баланың анасы Айгүл Жүнісова Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа, жергілікті билікке ризашылығының шексіз екендігін айтады. – Еліміз егемендік тойын тойлап жатқанда біздің отбасымызда екі бірдей қуаныш болды. Елбасы әр Жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса күш салуда. Соның нәтижесінде осы бағдарлама жүзеге асырылып, Сәтбаев ауылынан көшіп келіп, мерейлі тойда қала әкімінің қолынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Бұл қуанышқа қуаныш қосып, қызым Сезім деген жиен немеремді дүниеге әкелді. Ақ түйенің қарыны жарылып, көл-көсір қуанышқа кенелудеміз. Жолдасым Жұмағұл Ахметжанов Солтүстік Жезқазған кенішінде жұмыс істейді. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның қаламызда іске асырылуына күш салған қала әкімі Батырлан Ахметовке алғысымыз шексіз, – дейді ол.

Бұл үйге экономикалық даму деңгейі төмен ауылдардан көшіп келген азаматтар қоныс теуіп, жұмыспен де қамтылған.

Келесі бой көтерген Наурыз көшесі, 3 в көпқабатты үй 35 тұрғынның шаңырағына айналды. Тәуелсіздік мерекесінде «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрған көп балалы отбасылар, жетімдер, Ауған соғысының ардагерлері баспаналы болды.

Бұл үйдің иелеріне де қала әкімі арнайы келіп, құттықтауын жеткізді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.