Жаңа бағдарлама, жаңаша бағыт

Елордада ел Тәуелсіздігінің 21 жылдығына арналған салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.

Тәуелсіздік мерекесін ұлықтау мақсатында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында тұңғыш рет өткен салтанатты мәжілісті Елбасы Қазақстанның жаңа стратегиялық бағдарын айқындайтын Жолдауымен ашты.

Тәуелсіздігіміздің 21 жылында жеткен тарихи жетістіктерімізге тоқтала келе, Елбасы басты мақсат – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру идеясын қалың көпшілікке ұсынды.

«Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім. БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді. 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы да жариялады. Қазір елдердің дені осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай да өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды. Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде», – деді Н. Назарбаев. Бұл ретте межеленген бағдарға тоқтала келе, Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы «Қазақстан-2030» стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы екеніне мән берді. «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін. Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болу тиістігін қадап айтты.

Жалпы, Елбасының бұл жолғы Жолдауы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағытын қамтыған міндеттердің жаңа парадигмасынан тұрады. Оның ішінде жаңа саяси бағыттың мақсаттары айқындалып, елдік дамудың барлық салаларын қамтып отыр.

Н.Наурызбаев, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы.

Комментарии закрыты.