Ел бірлігінің жемісі

Ел Тәуелсіздігінің 21 жылдығына арналған салтанатты жиын Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті. Оған қала әкімінің орынбасарлары мен мекеме, ұжым басшылары, «Қазақмыс» тобына қарасты «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің басшылары, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, кәсіпкерлер, соғыс және еңбек ардагерлері, ұлттық-мәдени орталықтардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Әдеттегідей Әнұран орындалған соң қала әкімі Батырлан Ахметов жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде қаламыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, білім, спорт және басқа да салалардағы жиырма бір жыл ішіндегі негізгі жетістіктеріне тоқталып өтті.

Қала әкімі еліміздегі елеулі жетістіктермен бірге кеншілер қаласының да толағай табыстарын толығынан баяндады. Қала басшысы осындай жетістіктердің бәрі адамдардың ауызбіршілігі, бірігіп жұмыс істеуі арқылы жүзеге асқанын айта келіп, мереке қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар адамдардың мемлекеттік наградалармен марапатталғанын жеткізді.

Ол ең алдымен қаламыздағы балалар өнер мектебінің директоры Роман Бурдаға «Қазақстан Республикасының құрмет грамотасын» тапсырды. Бұдан соң сегіз бала туып, тәрбиелеп отырған ардақты ана Ольга Дончеваға «Алтын алқа», алты бала туып, тәрбиелеген аналар Замзагүл Әлмағамбетова мен Меруерт Бесімоваға «Күміс алқа» белгісін салтанатты түрде табыс етті.

Қала әкімі Батырлан Ахметов салтанатты жиында бір топ азаматтарды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, қала әкімінің Құрмет гармотасымен марапаттады.

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, оларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бүгінде Елбасының назарында тұрған басты мәселе. Бұл бағытта кеншілер қаласында да ауыз толтырып айтарлықтай істер бар. Халық жыл сайын оның шынайы жемісін де көруде. Сондай бір жарқын іс Тәуелсіздік тойымен тұспа тұс өтті де. Салтанат күні қала басшысы «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспаналы болған бес отбасына Шаталюк көшесіндегі 48 пәтерлік үйден және тұрғын үй кезегінде тұрған бес азаматқа Наурыз көшесіндегі 35 пәтерлік жалға берілетін үйден жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.

Тәуелсіздік тойына арналған салтанатты жиында «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас директоры Жанболат Бөрібаев сөз сөйлеп, қала жұртшылығы мен кеншілер қауымын еліміздің бас мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өндірістік бірлестік құрылымдарында тынымсыз тер төгіп жүрген бір топ еңбек озаттарын «Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасының, тау-кен байыту кешені бас директорының, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі бас директорының Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Салтанатта сондай-ақ, қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев сөз сөйлеп, жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бір топ азаматтарды Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынның соңы қаламыздағы өнерлі жастардың концерттік бағдарламасына ұласты. Ән-жырдың шымылдығын отбасы түріндегі «Балалық шақ» балалар үйінің өнерпаздары Эдик Вольман мен Артем Золотьконың орындауындағы Дәулеткерейдің күмбірлеген күйімен ашылды. Бұдан соң зал ішін «Кеншілер сазы» фольклорлық оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Адайы» мен Нұрғисаның «Ата толғауы» кернеді.

Концерттік бағдарлама әуезді әндерге ұласып, мың бұралған билермен көмкеріліп жатты. Бұл күні ұрпаққа ұлттық рух беретін патриоттық әндер әуелеп тұрды.

…Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтуге арналған салтанатты жиын ұлтымыздың ұлылығын, елдікке ұмтылған ерен тұлғасын тағы да бір паш еткендей болды.

Ізтай белгібайұлы.

Комментарии закрыты.