Намыс буған жыл еді

Биыл азаттықтың арайлы таңының бастауында тұрған желтоқсан оқиғасына 26 жыл толды. Әміршіл-әкімшіл жүйеге бағынбай, қазақ елін қазақ басқарсын деп намысты ту етіп алаңға шыққан қазақ жастарының талайы осы оқиғада қыршынынан үзілді. Ал, осы оқиғаны көздерімен көріп, куәгер болған жандардың жұдырықтай жүрегінде ызғарлы желтоқсан өшпейді.

Қазақ елін Тәуелсіздікке бастаған бұл оқиғаға куәгер болғандардың бірі №1мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Света Кенжегозинамен №3 орта мектептің оқушылары, «Жас Ұлан» ББЖҰ мүшелері кездесті.

Кездесуде С.Кенжегозина желтоқсан оқиғасы жайында былай деп сыр шертті: – Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып жүргенде желтоқсан оқиғасы деп аталып кеткен сұмдықтың куәгері болдық. М.Горбачев бір ұлттың тағдырын ойыншыққа айналдырғаны қазақ жастарының наразылығын тудырды. Бұл көтеріліс қазақ жастарының жігерлі, ұлтжанды, қандай жағдай болмасын ұлты үшін жан қиюға даяр екендіктерін көрсетті. Соның дәлелі – Ләззат, Сәбира, Ербол, Қайрат жалындап жанар шақтарында жаланың құрбаны болды. Ол кез қазақ жастарын намыс буған жыл еді. Келешекте жастар мұндай сұмдықты көрмесін, еліміз аман, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын, – дегім келеді деп әңгімесін аяқтады.

Келелі әңгіме өрбіген кездесуде оқушылар желтоқсан оқиғасы туралы өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауаптар алды.

Кездесу соңында оқушылар Света апайға әсерлі әңгімесіне рахметтерін айтып, еңбегіне табыс тілеп, сыйлықтарын тарту етті.

Б.Қазкенов.

Комментарии закрыты.