Жаңа жылдық дастарханда бас қосты

Ел дәулетін еселеген Ұлу жылының Жылан жылына алмасар кезіне санаулы-ақ күндер қалды. Ұлу жылында жеткен жетістігіміз Жылан жылында да арта түседі деп сенеміз. Жаңа жылдың қарсаңында тау-кен өндірісі саласының ардагерлерін қолдау қорының төрайымы Мария Громактың ұйымдастыруымен сейсенбі күні «Гауһар» мейрамханасында тау-кен өндірісінің ардагерлеріне арналып мерекелік дастархан жайылды. Шыңыраудан кен алып, бейнетке төзіп, бүгінде зейнетке жеткен ардагерлер Ұлу жылының соңғы күндерінде бір дастарханда бас қосып, бір-біріне мерекелік ыстық лебіздерін арнады.

Қордың төрайымы М.Громак ардагерлерді мерекемен құттықтап, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қарттарға деген қамқорлығын тілге тиек етті.

Өндіріс саласының ардагерлеріне деген құттықтауларын қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ қарасты әлеуметтік нысандарды бақылау бөлімінің бастығы Тоғызбай Тәжбенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, Ұлы Отан соғысының ардагері Шермұхамбет Байбосынов жеткізді.

– Қай мерекеде болмасын бізді ұмытпай, ескеріп жүретін «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы, қордың төрайымы М.Громак жаңа жылға орай тағы да басымызды қосып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ардагерлерге деген құрметтері үшін корпорацияның басшылығы мен қор төрайымына ризашылығымыз шексіз. Жылан жылынан күтер табыс та, ырыс та мол болғай. Қазақ елінің дәулеті таси берсін, – дейді қырық жылын өндіріске арнаған еңбек ардагері Амантай Құсбеков.

Әр кеніштің кәсіподақ ұйымының төрағалары да мерекелік құттықтауларын арнап, ардагерлерге мерекелік сый-сияпаттарын үлестірді.

Ардагерлер мерекенің шырайын кіргізген «Сәтбаев маржандары» және «Сатпаевские зори» ардагерлер хорының орындауындағы әсем әндердің ырғағында би билеп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.