Жаңа стратегияның жеті бағыты жіті талданды

Өткен аптаның соңында Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайыновтың төрағалығымен облыс активінің жиыны өтті. Алқалы жиынға соғыс және еңбек ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен аудандар әкімдері, зиялы қауым мен бизнес-құрылымдардың, ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері қатысты. Онда Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты кезекті Жолдауында айтылған міндеттер талқыланды. Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы қазақ сазды драма театрында онлайн режимінде ұйымдастырылған осынау іс-шараға Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының активі қатысты. Активті өңір басшысы Әбілғазы Құсайынов ашып, жүргізіп отырды.

– Елбасымыздың басшылығымен біз қуатты мемлекет құрдық, қоғамды демократияландыру мен либерализация үрдістері табысты жүзеге асырылуда. ТМД елдері арасында алғаш болып шетелдік инвестициялар мен ішкі қор деңгейі жоғары нарықтық экономиканың заманауи үлгісін қалыптастырдық.

Дегенмен, бүгінгі күні адамзат баласы жаңа жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Міне, осынау қатерге Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы нақты жауап болып табылады. Бұл Жолдау – Қазақстан-2030 стратегиясының заңды жалғасы. Ол негізгі 7 қағидаттан тұрады. Ал, оның басым бөлігі өткен он бес жылдың ішінде жүзеге асырылды. Ендігі жерде біз 2050 жылға дейінгі бағыт-бағдарымызды айқындап отырмыз. Оларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруіне мүмкіндік алатын болады.

Өз баяндамасын Елбасы Жолдауының осындай маңызды жақтарын атап көрсетумен бастаған облыс әкімі еліміздің ең басты бағдарламалық құжатында аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін жергілікті деңгейде қандай мәселелерді шешумен айналысу керектігіне тоқталды. Баяндамада жаңа стратегияның жеті бағыты жіті талқыланды.

Атап айтқанда, 2015 жылға қарай индустриаландыру картасы шеңберінде құрылатын жаңа нысандарда 100 млрд. теңгеден аса өнім өндірілетін болады, ал 2030 жылға қарай өнеркәсіптік әлеуеті жағынан олар «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС сияқты ауыр индустрия алыптарымен теңесуге тиіс.

Металлургия мен өндіруші өнеркәсіпте негізгі қорларды жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуі керек.

Ағымдағы бюджеттік шығындарды оңтайландыру міндеті де қойылып отыр. Бұл ретте үнемделген қаражат әлеуметтік сала мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының құрылысы мен оларды күрделі жөндеуге жұмсалатын болады.

Бұдан бөлек табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесін, оның ішінде ауыл шаруашылығын жаңғырту, мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту, жаңа технологияларды пайдалана отырып егін алқаптарын ұлғайту, көліктік инфрақұрылымды жетілдіру кезек күттірмей шешілуге тиісті маңызды міндеттер қатарында.

Жиында сондай-ақ, ауыз су мәселесі де сөз болды. Аймақ басшысының айтуынша, қолдағы тізімге қарағанда Қарағанды облысында 107 өзен, 83 көл бар екен. Облыс әкімі осы су көздерінің ластануының алдын алу, тұщы сулардың қорын барлау, жергілікті тұрғындарды жерасты суымен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты кешенді шара ұйымдастыру қажеттігін айтты.

«Күшті бизнес – күшті мемлекет» қағидаты бойынша кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары да жалғасын табатын болады. Биылғы жылы шағын және орта бизнес өнімінің көлемі облыстың ЖӨӨ 21,3% көлемінде болады деп күтілуде, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есеге, 2050 жылға қарай жалпы дүниежүзілік статистикаға жақындайды, яғни шағын және орта бизнес субъектілері жалпы өнімнің 55% көлемін өндіретіндей деңгейде болмақ.

Жаңа міндеттерге сәйкес, алдағы уақытта мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, энергияның балама көздерін дамыту, оның ішінде көмір қабаттарынан метан газын өндіру сияқты бағыттардағы жұмыстар жалғасын табады. Мұның өзі өңірімізде газохимиялық саланың дамуына түрткі болады.

Облыс әкімі минималды әлеуметтік стандарттарды әзірлеу, әлеуметтік теңгерімсіздіктерді шағын қалалар мен өңірлерді дамыту бағдарламалары арқылы шешуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту шеңберінде медициналық қызметтерді көрсетудің бірыңғай стандарттарын енгізу, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғастырылады.

Дене шынықтыру мен спортты дамыту да басты назарда болмақ. Жаңа типтегі дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеретін болады. Осы бағытта Қарағанды облысында отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың жұмысын кеңейту, жаңадан футбол, хоккей корттарын салу, оларда балалардың жылдың барлық мезгілдерінде ойнаап-жаттығуларына жағдай жасау да басты назарға алынатын болды.

Өз баяндамасында аймақ басшысы ел Президенті Жолдауының «Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары», «Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту», «Дәйекті де болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту», «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» тарауларына тоқталып, қалалар мен аудандар әкімдеріне, облыстық құрылым басшыларына осы тарауларда қойылған міндеттерді жүзеге асыруға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жарыссөзде мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері және жастар қозғалыстарының белсенділері сөз сөйледі.

Активті қорытындылаған аймақ басшысы Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша облыстық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, осынау аса маңызды бағдарламалық құжатты ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін ақпараттық-насихат топтарын құруды тапсырды.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында «ХХІ ғасыр – Қазақстанның алтын ғасыры, бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің кезеңі болады» деп атап айтты. Біз оған кәміл сенеміз! Себебі, елін сүйген Елбасыдай кемеңгер көсемі бар, бірлігі мен татулығы жарасқан бейбіт халқы бар Қазақстанның болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз. Оған еліміздің ең ірі индустриалдық орталығы – Қарағанды облысының тұрғындары да үлкен үлес қосады деп сенемін, – деп аяқтады сөзін облыс әкімі.

Ізтай Белгібайұлы

Комментарии закрыты.