Алдағы міндеттерді айқындады

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Астанада қараша айында өткен «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезінде көтерілген мәселелерді және Елбасының үстіміздегі жылдың желтоқсан айында «Қазақстан -2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жастар саясатында жүктеліп отырған міндеттерді талқылау мақсатында өткен бейсенбі күні «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалы мен «Жас Ұлан» ББЖҰ отырысы өтті.

Алдағы міндет-мақсаттарды айқындауға арналған жиынға «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев және бастауыш ұйымдардың атқарушы хатшылары қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде қаламыз бойынша Елбасы жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыру жайы сөз болды.

– Елбасы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаев жастардың алқалы жиынында жастар саясатын ілгері дамытуда қарышты қадам жасалып жатқандығын, осы орайда «Жас Отан» жас саясаткерлердің мектебі болуы тиіс деген міндет қойды. Оның сыртында Ұлт Көшбасшысы Жолдауында да жастар мәселесінен айналып өтпеді. Съезде Елбасы жастарды кәсіпкерлікке баулу, үшінші жыл қатарынан елімізде жүзеге асырылып келе жатқан индустриалды-инновациялық жобаларда жастардың үлесі басым болуы керектігін атап айтты. Сонымен қатар, жастар арасындағы діни сауаттылықты арттыру керектігін, осы бағытта жасотандықтар да өз үлестерін қосуы қажет деді. Біз осы бағытта қалада тың идеялары бар жастарды қолдауға әзірміз, – деді Н.Наурызбаев.

– Жаңа бағытқа бет бұрған жаңа дәуірдегі қазақ мемлекетінің Тұңғыш Президенті жастарға көп сенім артады. Съезде жастардың мәселесі жан-жақты талқыланды. Сол абыройлы сенімді ақтау жолында жастар біріге еңбек етіңдер. Президент қандай бастама болса да жастардан күтеді. Тәуелсіздіктің торқалы тойында халыққа арнаған Жолдауында Елбасы 2050 жылға дейін дамудың даңғыл жолын саралап берді. Мұның барлығы келешек буын үшін жасалып жатқан жұмыстар. Осы стратегияда көтерілген мәселелерді жүзеге асыруда жастардың тың идеясы қажет. Сенім бар жерде қолдау бар. Атқарар жұмысты қала жастары біркісідей жұмыла жүзеге асырса Елбасының съезде және стратегияда көздеген мақсатына жетеміз, – деді Ж.Дәрібаев.

Жиында осыған дейін «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы қызметін атқарып келген Н.Наурызбаев «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Ал, жасотандықтарға Гүлнұр Аяшова, жасұландықтарға Меруерт Мағжанова басшылық жасайды.

Басқосуда «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Гүлнұр Аяшова, «Жас Ұлан» ББЖҰ атқарушы хатшысы Меруерт Мағжанова 2013 жылға арналған жұмыстарымен таныстырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.