Қуаныш сыйлаған мереке

Сейсенбі күні №16 жалпы білім беретін орта мектепте Сәтбаев қаласы әкімінің жаңажылдық шыршасы ұйымдастырылды. Бұл мерекеге қала мектептерінен белсенді, озат оқушылар, ата-аналары мен ұстаздар қауымы қатысты. Шақырылған қонақтардың қатарында қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, мемлекеттік мекеме басшылары мен мектеп директорлары болды.

Қала әкімі Батырлан Ахметов жиналғандарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Жаңа жыл – әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын ең сүйікті мереке. Балалар, сендерді шын жүректен Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! 2013 жыл жақсы өзгерістерге, қуанышқа, бақытты оқиғаларға толы болсын. Ата-аналарыңды, ұстаздарыңды құрметтеңдер. Білімді, саналы, заман ағымына бейімделгіш жаңа ғасырдың азаматы болып өсіңдер және Отанымыз үшін, сүйікті қаламыз үшін адал қызмет етіңдер. Сабақтарыңды «беске» оқып, мектептің үздік оқушылары қатарынан көріне берулеріңе тілектеспін, – деді Батырлан Дүйсенбайұлы.

Көңілді кеш барысында бүлдіршіндер Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектеп ұжымы ұйымдастырған «Ғажайып орманға саяхат» атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Жаңажылдық шырша мерекесіне Тиін, Түлкі, Қоян, Қасқыр секілді жануарлар және Чебурашка мен Гена, Аю мен Маша секілді мультфильм кейіпкерлері келіп, әр түрлі ойындар ойнатып, би билетті. Жаңажылдық әдемі киімдерін киіп келген балалар да ерекше белсенді болды. Олар бүкіл қойылым бойы жұмбақтарға жауап қайтарып, үлкен ықыластық танытты. Қол ұстасып, шыршаны айналып ән салып, әуен ырғағымен би билеген бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Қала әкімі де балалармен бірге шыршаны айнала ән айтты.

Бұдан кейін көңілді топ ескі жылдың «иесі» – Ұлуға рахметін айтып, шығарып салып, 2013 жылдың «иесі» – Жыланды қошеметпен қарсы алды. Жасыл шырша жанына жиылып, би билеген балалар мерекенің басты себепкерлері Аяз Ата мен Ақшақарды асыға күтті. Міне, алыстағы қар патшалығынан, бүлдіршіндерге арналған Жаңа жылдың сыйлықтарын арқалап Аяз Ата да өз немересімен жетті. Ол балаларды Жаңа Жылмен құттықтап, шыршаны айнала ән айтты. Барлық қонақтар Аяз Атамен, Ақшақармен, ертегі әлеміндегі кейіпкерлермен бірге оттай жарқылдаған әсем шыршаны айналып, мәз-мейрам болысты. Сән-салтанатқа кенелген мерекеде әрбір бүлдіршіннің жүзі шаттық пен күлкіге толы болды. Түрлі жануарлар мен сүйікті кейіпкерлердің, Ханзада мен Ханшайым бейнесінде киініп келген балалар кештен мол әсермен қайтты.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.