Поселке әкімінің шыршасы

Весовая елді мекеніндегі «Теміржолшылар» клубында 27 желтоқсан күні Жезқазған поселкесі әкімінің шыршасы өтті. Шыршаға «Мерей» және отбасылық үлгідегі «Балалық шақ» балалар үйінің тәрбиеленушілері шақырылды.

Жас жеткіншектер ертегілер елінде жүргендей өздерін емін-еркін сезінді. Шыршаны айналып ән салып, би билеген бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Олар үшін түрлі киім киген кейіпкерлердің ойындары, шағын қойылымдары қызықты болды. Жаңажылдық шыршаны асыға күтіп, өз өнерлерін дайындап жүрген балалар уақыт ұзатпай ортаға Аяз Атаны шақырды. Жыл бойы армандап-аңсаған сыйлықтарын таратып, балалардың тілегін орындауға Аяз Ата мен Ақшақар да тырысып жүр.

Ортаға поселке әкімі Асылхан Сәдуақасов шақырылды. Шынайы лебізін білдіріп, құттықтаған поселке басшысы: «Білімді де білікті, қабілетті де саналы, заман ағымына бейімделгіш жаңа ғасырдың азаматын тәрбиелеп шығару үшін ұстаздарыңыз да аянбай еңбек етуде. Сондықтан сабақтарыңды «беске» оқып, мектептің үздік оқушылары қатарынан көріне берулеріңе тілектеспін», деген ағалық ақылын айтты.

Жаңа жылды қарсы алуға жиналған бүлдіршіндерге ұйымдастырушылар тәттілер мен сыйлықтар тарту етті. Осы бағытта балалар үйінің тұрақты демеушілері «Жезқазғаншахтапроходкалау» тресі мен қалалық білім,  денешынықтыру және спорт бөлімі де бүлдіршіндерге өз тараптарынан сый-сияпат жасады.

Бәрі де ертегідегідей, қиялдағыдай. «Теміржолшылар» клубында өткен поселке әкімінің шыршасында осындай көріністің куәсі болдық. «Мерей» балалар үйі мен «Балалық шақ» отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушілерінің арасынан үздік оқушылар бұған дейін аймағымызда болып өткен Президент шыршасы мен қала әкімінің шыршасына қатысып, сый-сияпатқа кенелген болатын. Бұл іс-шаралардан тыс қалған өзге жеткіншектер осы поселке әкімінің шыршасына қатысты. Отыздан астам бала оттай жарқылдаған шырша жанында ертегі кейіпкерлерін тамашалап, мәз-мейрам болысты.  Әрбір бүлдіршіннің жүзі шаттық пен күлкіге толды. Әкім шыршасында Аяз ата мен Ақшақарды қоршап алған бүлдіршіндер мерекелік таңғажайып қойылымдарды тамашалады. Олардың әрқайсы тәттілер толы сыйқалта алды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.